ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының  Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуі 

27 сәуірде академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғимаратында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы  Әбдіров Нұрлан Мажитұлы  қоғамдық белсенділермен, БАҚ өкілдерімен, Қарағанды облысының ЖОО студенттерімен үлкен кездесу өткізді. Іс-шараға  300-ден астам адам қатысты.


 Аталған іс-шараға «Bolashaq» академиясының атынан “JasOtan” жастар қанатының  «Bolashaq» академиясы бойынша төрайымы Сыздық Анияш Қайратқызы (Ин-19-2), Қазақстан Студенттер Альянсының «Bolashaq» академиясы бойынша филиланың төрағасы Әбілжанов Әділет (Ю-19-2), Bolashaq дебат клубының координаторы Шокпарова Алуа (К-20-1), «Избирательные системы стран мира» онлайн-олимпиадасының жеңімпазы Макашева Айжан (Ю-20-2) және  «Bolashaq» студенттік республикасының президенті Кожахметов Марлен (Ю-19-2) қатысты.



      Орталық сайлау комиссиясының төрағасы  ең әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Аудитория ұсынылып отырған жаңалықтарды қолдай отырып, сайлау туралы Конституциялық заңның жобасын әзірлеу кезінде жұмыс тобының құрамына профильді қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілуі қажет деген ойларын ортаға салды.  Сонымен бірге, кездесуге қатысушылар сайлаушылардың жеке санаттары үшін қағаз бюллетеньдері бойынша дәстүрлі дауыс берудің нысаны сақталуы керек деген ойларын жеткізді. Жұртшылық тарапынан сайлау жүйесін жетілдіру жөнінде өзге де біршама ұсыныстар алға тартылды. Кездесу барысында, өзге өңірлердегі сияқты, сайлау процесінің өзекті мәселелері бойынша онлайн-сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей: жастардың 44,8%-ы қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайды; респонденттердің 70,6%-ы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуі тиіс және лингвистикалық емтихан тапсыру міндетті деп санап отыр; респонденттердің 49,5%-ы соттылығы бар азаматты Президент, депутат, әкім сияқты сайланбалы лауазымдарға ұсынуға жол беруге болмайды деп санайды. Сондай-ақ, респонденттердің 39,2%-ы партиялық тізім бойынша сайланған депутат сол сайланған партиясынан басқа партияға ауысып кетуіне болмайды деп жауап берді.

Кездесу қорытындысы бойынша, Нұрлан Әбдіров кездесуде белсенділік танытқаны үшін Кожахметов Марленге және Әбілжанов  Әділетке Орталық сайлау комиссиясы шығарған «Қазақстандағы сайлау тарихы» кітабын табыс етті.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.