Педагогика кафедрасында «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының ПиП-24-2к, ПиП-25-1с және ПиП-25-2с топтарының, сондай-ақ «Педагогикалық коучинг және психология» білім беру бағдарламасының ПКиП-25-1с тобы студенттерінің «Астана» шекаралық бақылау басқармасына қарасты «Қарағанды» шекаралық бақылау бөлімі бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант Жангелдинов Ерсұлтан Талғатұлымен кәсіби бағдар беру кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерді Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің бөлімшелерінде педагогика, психология және коучинг салаларының мамандары үшін қарастырылған жұмысқа орналасу және кәсіби тұрғыдан даму мүмкіндіктерімен таныстыру.


Кездесу барысында Ерсұлтан Талғатұлы Шекара қызметі жұмысының негізгі бағыттары, оның мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, сондай-ақ шекаралық бақылау бөлімшелерінде қызмет атқарудың ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Үміткерлерге қойылатын талаптарға, жұмысқа орналасу тәртібіне, қажетті кәсіби және тұлғалық қасиеттерге, тәртіп пен жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Студенттерге күштік құрылымдар қызметкерлерінің кәсіби қызметінде психологиялық-педагогикалық білімнің сұранысқа ие екендігі туралы ақпарат ерекше қызығушылық тудырды. Педагогика және психология саласында даярлықтан өткен болашақ мамандар жеке құрамға психологиялық қолдау көрсетуге, жас қызметкерлердің қызмет жағдайларына бейімделуіне, эмоциялық күйзеліс пен стресстік жағдайлардың алдын алуға, жанжалды жағдайларды шешуге, сондай-ақ оқыту және тәрбие іс-шараларын өткізуге қатыса алады.
«Педагогикалық коучинг және психология» білім беру бағдарламасының студенттері үшін кездесудің практикалық маңызы ерекше болды. Оқу барысында меңгерілген коучингтік құзыреттерді қызметкерлердің кәсіби уәждемесін дамытуда, командада өзара әрекеттесу дағдыларын қалыптастыруда, қызметтік және жеке мақсаттарды айқындауда, ішкі әлеуетті ашуда және кәсіби қызметтің тиімділігін арттыруда қолдануға болады.


Студенттер қызметке қабылдау шарттары, үміткерлерге қойылатын талаптар, кәсіби және мансаптық өсу мүмкіндіктері, сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктер туралы пайдалы ақпарат алды. Шекаралық бақылау бөлімшелеріндегі жұмыс жоғары жауапкершілікті, ұйымшылдықты, күйзеліске төзімділікті, коммуникативтік мәдениетті, азаматтық кемелділікті және елге адалдықты талап ететіні атап өтілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, жұмысқа орналасу тәртібі, қажетті құжаттар тізімі, білім мен денсаулық жағдайына қойылатын талаптар, кәсіби қызметтің ерекшеліктері және мансаптық дамудың мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды. Қойылған барлық сұрақтарға жан-жақты жауаптар беріліп, практикалық ұсынымдар ұсынылды.
Мұндай кездесулер білім алушылардың кәсіби бағдарлануына ықпал етіп, алған білімдерін қолдану салалары туралы түсініктерін кеңейтеді және болашақ кәсіби қызметінің бағытын саналы түрде айқындауға көмектеседі. Әлеуетті жұмыс берушінің өкілімен тікелей қарым-қатынас жасау студенттерге өзекті ақпарат алуға, педагог-психологтер мен коучинг технологияларын меңгерген мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін жаңаша бағалауға жағдай жасады.
Кездесу соңында студенттер мен кафедра оқытушылары Жангелдинов Ерсұлтан Талғатұлына мазмұнды әңгімесі, практикалық ұсынымдары және алдағы уақытта ынтымақтастық орнатуға дайын екендігі үшін алғыс білдірді.