Интернет-алаяқтық пен дропперліктің алдын алу мәселелері талқыланды

2026 жылғы 18 қарашада «Bolashaq» Академиясында Абай ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері студенттермен профилактикалық кездесу өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтық пен дропперлік әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ заңсыз қаржылық операцияларға қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері қазіргі уақытта кең таралған интернет-алаяқтық түрлері мен азаматтардың жеке және банктік деректерін заңсыз иемдену тәсілдері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар дропперлік әрекеттердің ерекшеліктеріне тоқталып, жеке банк шоттарын, төлем карталарын және өзге де деректерді үшінші тұлғаларға беру заңнамада көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Студенттерге әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келіп түсетін күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау, белгісіз сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректерін, құпиясөздер мен растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу жөнінде ұсынымдар берілді. Сондай-ақ кез келген қаржылық операцияны жүзеге асырмас бұрын ақпараттың дұрыстығын тексеру қажеттігі түсіндірілді.

Іс-шара аясында білім алушылар тақырыпқа қатысты сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен тиісті жауаптар алды. Кездесу студенттердің қаржылық қауіпсіздік талаптары мен құқықтық жауапкершілік туралы білімдерін кеңейтуге бағытталды.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қаржылық сауаттылықты арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.