Болашаққа бастар сенімді қадам: «Bolashaq» Академиясының өкілдері Абай ауданының түлектерімен кездесті

Мамандық таңдау – әрбір мектеп түлегінің өміріндегі ең жауапты әрі шешуші кезеңдердің бірі. Осы маңызды таңдау алдында тұрған жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында «Bolashaq» Академиясының өкілдері Абай ауданындағы жалпы білім беретін мектептерге арнайы барып, бітіруші сынып оқушыларымен мазмұнды кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – оқушыларға заманауи еңбек нарығының сұраныстарын түсіндіру, болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға көмектесу және «Bolashaq» Академиясында сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктерімен жан-жақты таныстыру болды.

Іс-шара барысында Академия мамандары оқу орнының материалдық-техникалық базасы, білім беру бағдарламалары, білікті профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттердің шығармашылық әрі ғылыми әлеуетін дамытуға жасалған жағдайлар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық ерекшеліктері, мемлекеттік білім беру гранттарын иелену шарттары және оқуға құжат тапсыру тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Кездесу еркін форматтағы ашық диалог түрінде өрбіді. Абай ауданының оқушылары өздерінің болашаққа деген үлкен қызығушылықтары мен белсенділіктерін танытып, мамандық таңдау, шекті балл жинау, шәкіртақы тағайындау және студенттік өмір туралы көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Әрбір оқушыға кәсіби мамандар тарапынан нақты жауаптар мен жеке кеңестер берілді.

Осындай маңызды кездесулерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, ерекше ілтипатпен қарсы алған Абай ауданы білім беру бөлімі мен мектеп әкімшіліктеріне, ұстаздар қауымына «Bolashaq» Академиясы атынан зор алғыс білдіреміз!Түлектерге алдағы сынақтардан сүрінбей өтіп, өз жүрек қалауымен таңдаған мамандық иесі атануына тілектеспіз.«Bolashaq» Академиясы – болашаққа бастар сенімді қадамың!

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.