«Конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін дамыту перспективалары» атты ғылыми-практикалық конференция өтті

2026 жылғы 16 қарашада «Bolashaq» академиясында «Құқықтық және қаржылық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін дамыту перспективалары» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ғылыми іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформалар аясында ұлттық құқықтық жүйені жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылау. Конференцияның ерекшелігі – «Bolashaq» академиясының әрбір білім беру бағдарламасынан студенттердің белсенді қатысып, ғылыми баяндамалар ұсынуы болды. Білім алушылар өздерінің білім беру бағыттары аясында конституциялық реформалардың өзекті мәселелерін жан-жақты қарастырып, ғылыми ізденістерінің нәтижелерін ортаға салды. Студенттер ұсынған баяндамалар қатысушылар арасында қызу талқыға түсіп, мазмұнды пікір алмасулар мен ғылыми пікірталастарға ұласты.

Сонымен қатар құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарын нығайту, конституциялық құндылықтарды сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың маңыздылығы талқыланды. Конференция қорытындысында қатысушылар ғылыми пікір алмасудың маңыздылығын атап өтіп, конституциялық реформалар аясында құқықтық жүйені дамыту мәселелерін одан әрі зерттеу қажеттілігіне назар аударды.

Аталған ғылыми-практикалық конференция академия білім алушыларының ғылыми әлеуетін арттыруға, әртүрлі білім беру бағдарламалары арасындағы пәнаралық байланысты нығайтуға және болашақ мамандардың құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара болды.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.