Мейірімді ту еткен аяулы жан

12 ақпанда “Бөбек”халықаралық қоғамдық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева өзінің 80 жылдығын атап өтеді.

2021 жылдың 10 ақпанында “Bolashaq” академиясы Теміртау қ. Қарағанды Индустриялық университетімен бірлесіп, әлемге танымал және қазақстандық қайраткерлердің қатысуымен Сара Алпысқызының мерейтойына арналған “Мейірімділік, махаббат және ізгілік шуағы” телекөпірін өткізді.

Мейірімді ту еткен аяулы жан

Ағымдағы жылдың ақпанның 10-ы күні «Bolashaq» академиясында «Мейірім, махаббат пен ізгілік шуағы» тақырыбында «Қарағанды-Теміртау-Мәскеу-Тбилиси-Алматы-Нұр-Сұлтан» қалалары қатыстырылған онлайн-телекөпірі болып өтті. Бұл теле-көпір еліне еңбегі сіңген қазақтың аяулы тұлғаларының бірі Сара Алпысқызы Назарбаеваның 80 жасқа толуына арналды. Бұлай деуіміздің әдемі орайы бар.

Әйелді қазақ ұрпақтың ұясы санаған, қабағына қараған, керегіне жараған, айтулы әжелерін әулеттің піріне балаған. Осы асыл қасиеттерімізден бүгінгі ұрпақ біртіндеп ажырап бара жатқандай. «Әділет, нысап, ұят, рахым, мейірбаншылық» – бәрі де жүректен шығады (17-ші сөз) дейді хәкім Абай. Ал әз-жүректің иесі қашан да ана болмақ.

Кешті ашқан «Bolashaq» академиясының ректоры Құралбай Несіпбекұлы Меңлібаев өз сөзінде: «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қазақ халқында даналық сөз бар. Туған тарих қатпарына үңілсек, қазақ даласында туған әйелдер табиғатынан текті, ақыл-парасаты мол, батыл адамдар болған. Бұған От-ошақтың киесі мен иесі – Ұмай-ана, Томирис пен Домалақ ана, Бопай ханым пен Қарқабат, европалық білім алған Ұлпан аналарымызды мысал ретінде келтірсек жеткілікті. Қазақ халқының құтына айналған осындай бірегей тұлғалардың ізін, дәстүрін Сара Алпысқызы жалғастырып келеді. Ол Шоқанның анасы – Айғанымдай, Абайдың әжесі – Зередей» – деп, Сара Алпысқызының қоғамдағы алар орнын атап өтті.


Сөз жоқ, оны бүгінгі күннің Жамал апайымыздай, халықтық педагогиканы күйттеп жүрген Зейнеп Ахметова асылымыздай көрсек, еш әбестігі жоқ. Олар игілікті істердің мүбәрәк дәстүрлерін аса бір айқындылқпен жемісті жалғастырып келе жатқан, еліне еңбегі сіңген қазақтың аяулы тұлғаларының бірі. Өйткені қазіргі күні қоғамға маман керектен гөрі адам керек болған тұста, ізгілікті, адамдық пен парасаттылықты алдыңғы орынға шығарып, ұлы Абайдың «алдымен өзіңе үңіл» деген философиясын жаңғыртқан аяулы жан. «Халуа деп қайталағанмен ауызға тәттілігі сезілмейді» дейді халық даналығы.

Тәрбие, тәрбие деп қанша көксеп айтқанмен бізге одан тәтті болмайды. Іске асатын, аспайтын қанша ұсыныстар жасағанмен, оның нәтижелері көңіл толарлықтай болмай тұрған кезде, түп бастауында апайымыз тұрып, «Өзін-өзі тану» жобасын жасады, ал онысы білім берудің барлық деңгейлерінде базалық пән ретінде енгізілгені белгілі. Бұл пән әрбір білім алушыға сапалы әрі саналы түрде жеткізіліп жүр.

Осы бағытта жұмыс істейтін «Бөбек» орталығының игілікті ісі де баршамызға аян. «Жаны жақсы адамдар байлық жинамайды, өздері байлыққа айналады» депті бір ғұлама. Осы бір қанатты сөзді Сара Алпысқызы тарапына да айта аламыз.

Осы бір ізгілікті ту еткен теле-көпірді «Bokashaq» академиясының «Гуманизм педагогикасы» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған еді. Теміртау қаласындағы Қарағанды индустриалды университеті де бұдан сырт қалған жоқ, қажетті деңгейде өтуіне бірдей атсалысты.

Кештің өту барысында Қарағанды индустриалды университетінің ректоры Бақыт Ахатұлы Жәутіков Сара апайымыздың жастық ғұмыры, саналық шағы қалыптасқан Теміртау қаласында көзін көрген, етене араласқан замандастарын теле-көпірге шақырып, көпшілікке өзі таныстырып отырды. Теле-баянда Сара Алпысқызының замандастары осы бір мерейлі жастағы той иесіне құттықтаулар айтып, тілектестігін білдіріп, бастан кешірген әдемі оқиғаларымен бөлісті, мәнді де дәмді дүкен құрысты.

Теле-көпірде Мәскеу қаласындағы Педагогикалық өнер және әлеуметтендіру академиясының ректоры, психология ғылымдарының докторы, профессор, есімі әлемге әйгілі Шалва Александрович Амонашвили, «Гуманизм педагогикасы» халықаралық орталығының президенті, психология ғылымдарының докторы, профессор Паата Шалвович Амонашвили Сара Алпысқызына қатысты ізгі пікірлерін айтып, ізгілік педагогикасы туралы ой бөлісті.

Сондай-ақ бұл шараға «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және салауаттану орталығының бас директоры Е.Н. Сәкенова, тағы басқа елімізге танымал тұлғалар қатысып отырды.

Мәнді де мазмұнды өткен бұл шараның берері мол болғандығына сенім мол.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.