«STUDENT LIFE»: «Bolashaq» Академиясында студенттерді студенттер қатарына қабылдау кеші өтті

15 қазан күні «Bolashaq» Академиясы дәстүрлі «STUDENT LIFE» студенттерді студенттер қатарына қабылдау кешін жоғары деңгейде ұйымдастырды. Салтанатты іс-шара бірінші курс студенттері үшін жарқын естелікке айналып, олардың академиялық өмірге жасаған алғашқы маңызды қадамын айшықтады.

Кеш барысында академия басшылығы, оқытушылар мен құрметті қонақтар жас студенттерге ізгі тілектерін білдіріп, студенттік өмірдің жауапты әрі қызықты кезең екенін атап өтті. Сонымен қатар студенттік өзін-өзі басқару ұйымының жаңа құрамына куәліктер табысталып, белсенді жастардың бастамаларына қолдау көрсетілді.

Іс-шараға Қарағанды қаласының қоғамдық ұйымдарының өкілдері, жастар саясаты саласының мамандары және Қарағанды облысындағы жоғары оқу орындарының студенттік өзін-өзі басқару көшбасшылары қатысты. Қонақтар бірінші курс студенттеріне сәттілік тілеп, студенттік жылдардың мүмкіндіктерге толы кезең екенін ерекше атап өтті.

Кеш аясында студенттер үшін мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, шығармашылық нөмірлер, музыкалық қойылымдар мен қызықты интерактивтер ұсынылды. Сондай-ақ қатысушылар арасында түрлі байқаулар өткізіліп, белсенділік танытқан студенттерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Студенттік ант қабылдау рәсімі кештің ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Бірінші курс студенттері академия дәстүрлерін құрметтеуге, білім жолында табанды болуға және «Bolashaq» Академиясының абыройын асқақтатуға ант берді.

«STUDENT LIFE» кеші жаңа студенттердің бір-бірімен жақынырақ танысып, академиялық ортаға бейімделуіне, достық қарым-қатынас орнатуына және студенттік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде алғашқы қадамдарын жасауына мүмкіндік берді.

«Bolashaq» Академиясы барлық бірінші курс студенттерін студент атануларымен құттықтай отырып, білімге толы қызықты жылдар, жарқын жетістіктер мен толағай табыстар тілейді!

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.