2026 жылғы 19 қараша күні Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің «Жалпы құқықтық және арнайы пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы прокурорлық қадағалау» пәні бойынша өңірлік олимпиада өткізілді.Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – білім алушылардың прокурорлық қадағалау саласындағы теориялық білімдерін тереңдету, құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнаманы тәжірибеде қолдану дағдыларын жетілдіру және болашақ заңгерлердің кәсіби құзыреттілігін дамыту.Аталған олимпиадаға «Bolashaq» академиясының «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттерінен құралған «Құқық қырандары» командасы қатысып, жоғары дайындық деңгейі мен білімдерін көрсете отырып, жүлделі II орынды иеленді.

Команда құрамында:
- Кадрин Тілеген;
- Калабаева Мерей;
- Тұрғанбаева Алтын;
- Рамазанова Еркежан
Жетекші– Құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Жунусова Л.М.

Сонымен қатар, олимпиадаға студенттерді жоғары деңгейде дайындап, олардың кәсіби білімдері мен қабілеттерін шыңдауға қосқан үлесі үшін команда жетекшісі Жунусова Л.М. Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры атынан Алғыс хатпен марапатталды.Бұл марапат – оқытушының кәсіби шеберлігіне, білім алушыларды қолдауға және болашақ мамандарды даярлауға қосқан еңбегіне берілген лайықты баға.

Олимпиада барысында қатысушылар прокурорлық қадағалаудың құқықтық негіздері, прокуратура органдарының қызметі, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және прокурорлық қадағалаудың ерекшеліктері бойынша білімдерін ортаға салды. Сонымен қатар заңнамалық нормаларды талдау, құқықтық жағдаяттарды шешу және өз ұстанымдарын дәлелдеу қабілеттерін танытты.Студенттердің бұл жетістігі – жүйелі дайындықтың, ізденістің, кәсіби білімге деген қызығушылықтың және оқытушы мен білім алушылар арасындағы бірлескен еңбектің нәтижесі.
«Bolashaq» академиясы команда мүшелерін және жетекшісін лайықты жетістіктерімен құттықтайды! Болашақ заңгерлерге білім жолында толағай табыс, кәсіби қалыптасу мен жаңа белестерді бағындыруды тілейміз!Әрбір жеңіс – білім мен еңбектің жемісі!