Халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту аясында «Bolashaq» Академиясының студенттері Ресей Федерациясының Новосибирск қаласындағы Новосибирск мемлекеттік педагогикалық университетінде екі апталық оқу (таныстыру) тәжірибесінен өтті.Бағдарламаның негізгі мақсаты – болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру, шетелдік жоғары оқу орнының білім беру жүйесімен танысу, педагогикалық қызмет туралы түсініктерін кеңейту және халықаралық тәжірибе алмасу.


Тәжірибе барысында студенттер университеттің білім беру ортасымен, оқу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерімен және заманауи оқыту әдістерімен танысты. Оқу сабақтарына қатысып, оқытушылардың педагогикалық тәжірибесін бақылау арқылы болашақ кәсіби қызметіне қажетті білім мен дағдыларын жетілдірді.
Сонымен қатар, студенттер Новосибирск мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушыларымен және студенттерімен тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.Бағдарламаның маңызды бөлігі мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға бағытталды. Студенттер мәдени-танымдық іс-шараларға қатысып, Новосибирск қаласының тарихымен және мәдениетімен танысты.


Оқу тәжірибесінің қорытындысы бойынша студенттер алған әсерлерімен және тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби дамудың жаңа бағыттарын айқындады.Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етіп, «Bolashaq» Академиясы мен Новосибирск мемлекеттік педагогикалық университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болды!