12 сәуірде Қазақстан жыл сайын Ғылым қызметкерлері күнін атап өтеді. Осыған орай «Bolashaq» Академиясында академиктерді ұлықтау жоспарланған болатын. 2023 жылғы 12-сәуірде Академияның конференция залында философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, ҚР ІІМ құрметті ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Нәби Елікбаевпен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Академия оқытушылары, студенттері және «Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві» КММ қызметшілері қатысты. Игілікті бұл шараны Ғылыми зерттеу, ізгілікті педагогика және педагогикалық тәлімгерлік орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Е.Серімов жүргізіп отырды. Кездесу мақсаты Қазақстан Республикасының Ғылым қызметкерлерінің күнін атап өту арқылы Академияның ғалымдарын, соның ішінде профессор Н.Елікбаевтың өмір жолын, еңбектерін насихаттау болып табылады.
Профессор Нәби Елікбаев 58 жыл білім ағарту саласында қызмет атқарған. 300-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. Олардың қатарында «Социализм және ұлттық психология» (1978), «О национальной психологии казахской нации» (1991), «Ұлттық психология» (1993), «Қазақстан-2030: Қазақ ұлты психологиясының методологиялық негіздері» (1999), «Дәуір тынысы: қазақ ұлтының психологиясы» (2000), «Ұлттық тәрбиенің бастауы» (2013), « Қазақстандағы құқықтық тәрбие мәселелері» (2013), «Қоғамның рухани жаңғыруы – өзекті мақсат» (2018) монографиялары, «Саясаттану негіздері» (1997), «Әлеуметтану негіздері» (2007) оқу құралдары, т.б. көптеген сүбелі еңбектері бар. Көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Нәби Елікбаевтың өмір жолы мен қызметіне қысқаша шолу жасап өтсек, ол 1944 жылы 29- мамырда қазіргі Түркістан облысы Шаян ауданы Майбұлақ аулында дүниеге келген. 1961 жылы Шаян орта мектебін күміс медальмен бітірген. 1973-1976 жылдары Қаз ССР Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының аспирантурасын тәмамдаған. Әуелі кандидаттық, одан кейін докторлық диссертация қорғаған. Көп жылдар бойы қазіргі ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында ұстаздық еткен. Кейінгі 10 жылда «Bolashaq» Академиясында профессор лауазымында жұмыс істеп келеді.
Кездесу барысында «Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві» КММ директоры Темірғали Аршабеков ұстаз-ғалым Нәби Елікбаевтың жеке қорын ашып, тұрақты сақтауға қабылдау үшін келісім-шарт жасады. Бұдан былай академиктің бүкіл еңбектері мен наградалары мемлекеттік архивте сақталатын болады. Кездесуге қатысқан тарих ғылымдарының кандидаты, професор Ермек Көпбайұлы Адамбеков, ішкі істер органдарының ардагері, облыстық ІІО ардагерлер қоғамының мүшесі Жеңісбек Сүйіндіков, тарихшы ғалым Еламан Балтаұлы Қасенов профессор Н.Елікбаевтың өмір деректерінен мысалдар келтіріп, қызғылықты естеліктері мен ойларын ортаға салды. Мемлекеттік архивтың қор сақтаушысы Нұрбатима Зайырқызы студенттерге мұрағат қорлары туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Кеш соңында «Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві» КММ басшысы Темірғали Аршабеков академикті Алғысхатпен марапаттады. Студенттер кеш иесіне гүл шоқтарын тапсырды.