«Жас Заңгер – 2026»: білім мен болашаққа бастар жол

10 сәуір «Bolashaq» Академиясы «құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының» ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Академияның 30 жылдығына орай өткен «Жас Заңгер – 2026» байқауы өз мәресіне жетті. Бұл білім сайысы жас талапкерлердің құқық саласына деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталды.

Байқау екі кезеңнен тұрды: эссе жазу және құқықтық диктант. Қатысушылар өз білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және құқықтық сауаттылық деңгейін жоғары деңгейде көрсете білді. Әділқазылар алқасының шешімімен ең үздік, білімді әрі тапқыр оқушылар анықталды.

Нәтижесінде жеңімпаздарға 2026–2027 оқу жылына арналған арнайы білім беру жеңілдіктері табысталды. Бас жүлде — 100% жеңілдік — Қарағанды қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Әбілда Алиханға бұйырды. 50% жеңілдікті Жаңаарқа ауданынан Жүсіпұлы Ерасыл мен Қарағайлы кентінің №16 мектебінен Мухит Муслима иеленді. Ал 25% жеңілдікке Жаңаарқа ауданындағы №1 мектеп-лицей оқушысы Қаныш Алтай, Теміртау қаласындағы №6 мектептен Сарсенұлы Қадырхан және Қарағанды қаласындағы Ә. Бөкейхан атындағы мектептің оқушысы Әзімбай Ерасыл ие болды.

Іс-шара аясында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, Академия бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Бұл талапкерлерге оқу орнының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

«Жас Заңгер – 2026» байқауы — жас буынның құқық саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ заңгерлердің алғашқы кәсіби қадамдарына серпін берген маңызды алаң болды. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.

Болашақ заңгерлерге сәттілік пен жарқын болашақ тілейміз!

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.