Ағымдағы жылдың 18 қарашасында құқықтану ББ студенттері мен магистранттары Қарағанды облыстық сотының судьялары Сейдалина Жанна Каримовна және Шағатаев Қайрат Күнісбекұлымен кездесу өткізді.
Кездесудің мақсаты студенттерді Қазақстан Республикасының сот жүйесімен, сот органдарына қызметке кіру тәртібімен және еліміздегі сот төрелігін жүзеге асыру ерекшеліктерімен таныстыру.
Кездесу форматы диалог алаңы түрінде болды. Басында судьялар судьялық жұмыстың ерекшелігіне және сол жұмысқа түсу тәртібіне қатысты кейбір түсініктемелер берді, одан әрі студенттер берілген тақырып шеңберінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мысалы, кездесуде студенттер азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істерді қарау мерзімдері мен тәртібіне, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру және өту тәртібіне, оқу практикасы мен соттарда тағылымдамадан өту шарттарына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Сотта практикадан өту және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара соңында студенттерге қылмыстық істі ашық сот отырысында қарау кезінде қатысуға мүмкіндік берілді.
Кездесуді аяқтай отырып, судьялар студенттерге сапалы білім алып, тәжірибелі заңгер болуды және өз мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке кіруді тіледі.