Мен, Қарағанды қаласы «Bolashaq» Академиясының «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының К-19-1 тобының 4 курс студенті Жолтай Айболған, қазіргі таңда Қарағанды облысы, Саран қаласының ЖББ №7 мектеп-интернатында педагогикалық практикадан өтудемін. Міне, педагогикалық практиканың үшінші аптасына аяқ бастық. Осы уақыт аралығында мектеп ішімен, ұжыммен танысып, жақын араласып кеттік.

Өткен апта, 9 ақпанда барлық қазақ сүйіп оқитын, қазақтың ғасырда бір туар ақиық ақыны, мұзбалақ ақыны атанған Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туған күні өтті. Соған орай 9-10 сыныптар арасында дөңгелек үстел өткіздім. Оқушылар ақынның өлеңдерін, әндерін айтты. Қаламын шыңдап жүрген оқушыларым арнау өлеңін, ал бейнелеу өнеріне жақын оқушыларым ақынның портретін салуға тырысты. Бұл іс-шара оқушыларыма қатты ұнады. Тағы да осындай сабақ өткізуімді құлшына сұрады. Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай өткізген дөңгелек үстел мені оқушыларыммен жақындата түскеніне қуаныштымын.

«Ең бірінші бақытым – халқым менің, Саған берем ойымның алтын кенін» деп көзінің тірісінде халқын қастерлеп өткен қазақтың мұзбалақ ақынын артындағы елі ешқашан ұмытпақ емес.
Қарағанды қаласы
«Bolashaq» Академиясы
К-19-1 тобының студенті
Жолтай Айболған