1961 жылы 12 сәуірде адам ғарышқа тұңғыш рет ұшты. Адамзат дамуындағы жаңа дәуір Қазақстан жерінде – “Байқоңыр” ғарыш айлағында басталды.
Бүгін Ғарышкерлер күні -адамның ғарышқа алғашқы ұшуына арналған естелік күні атап өтіледі . Дәл осы күні 1961 жылы Адамның ғарышқа алғашқы ұшуы өтті – Юрий Гагарин “Восток” ғарыш кемесінде алғашқы орбиталық ұшуды жүзеге асырды. Гагарин Мәскеу уақытымен 09:07-де (06:07 UTC) Байқоңыр ғарыш айлағынан космосқа ұшты. Осы жерде Гагарин айтқан “Кеттік!” деген сөзден – ғарышты жаулап алу дәуірі басталды.
Бастапқыда Гагариннің жер айналасында жасаған бір айналымы 108 минутқа созылғандығы туралы хабарланған. 2011 жылы басқа мәліметтер жарияланды: ОКБ-1 құжаттарына сәйкес ғарышкердің ұшудан жерге қонуына дейін ұшу 106 минутқа созылды.Бірнеше жылдан кейін, 1968 жылы 12 сәуірде Халықаралық авиация федерациясы Дүниежүзілік авиация және космонавтика күнін атап өтті.2011 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 12 сәуірді Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні ретінде атап өтуі жөнінде қарар қабылдады.
Қазақстан ғарышты игерумен тығыз байланысты. Ел аумағында ғарыш кемелері ұшырылатын “Байқоңыр” ғарыш айлағы орналасқан. Үш қазақстандық ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов – орбиталық ұшуларға бес рет қатысты.
Қазақ ұлтының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров болды. 1991 жылдың екінші қазанында ол “Союз ТМ-13” ғарыш кемесінің зерттеуші-ғарышкері ретінде ғарышқа аттанды. Ұшу ұзақтығы 7 күн 22 сағат 13 минутты құрады.
Ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев егемен Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, ашық ғарыштағы алғашқы қазақ. Ол жалпы ұзақтығы 341 күн және 9 сағаттан асатын үш ғарыштық ұшуды жасады.
Мұсабаев өзінің “Мир” орбиталық кешеніне алғашқы ғарыш экспедициясына 1994 жылғы 1 шілдеде “Союз ТМ-19″ғарыш кемесінің бортинженері ретінде аттанды. Сол жылдың 4 қарашасында, 125 күннен кейін Жерге оралды. 1998 жылғы 29 қаңтар – 25 тамыз аралығында “Союз ТМ – 27″ғарыш кемесінің командирі ретінде екінші ғарышқа ұшты. Талғат Мұсабаевтың үшінші ғарыштық ұшуы кезінде 2001 жылы онымен бірге Жердің алғашқы ғарыш турисі орбитаға аттанды. Осы ұшумен ғарыштық туризм дәуірі ашылды.
Қазғарыштың алғашқы ғарышкері Айдын Айымбетов 2015 жылдың 2 қыркүйегінде “Союз ТМА-18 М” ғарыш кемесінде бортинженер-2 ретінде ұшу сапарын жасады. Ұшу ұзақтығы 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундты құрады. Ғарыштық ұшу кезінде Айымбетов 10 ғылыми эксперименттен тұратын Қазақстанның Бесінші ғарыштық бағдарламасын орындады.
“450 шақырым қашықтықтан сезілетін ең әдемі әсер – бұл жердің көрінісі. Үлкен ғарыштың қара тұманында бұл бүкіл өмірдің көк маржаны. Жерге қонған кезде, түсетін аппараттың люгін ашқан кезде, Жер бетінде байқамайтын дала ауасы кеңістікті толтырған кезде, сіз иістердің, хош иістердің және дыбыстардың барлық байлығы мен ғажаптығын сезінесіз. Ғарышта-бұл темірдің, машина майының иісі, ал мұнда табиғаттың өзі, өмірдің өзі – дала шөптерінің, жердің иісі, құстардың әні, шегірткелердің шшырылдауы”, – деп ол ғарыштық ұшу кезінде және одан кейінгі жердегі сезімдерін сипаттады.