Талапкер міндеті – мамандық таңдауда және таңдаған мамандығы аясында сапалы білім беретін оқу ордасын таңдауда қателеспеу. Бір қарағанда, қарапайым, алайда ғылым мен технология бәсекесі күшейген заманауи қоғамда әрбір талапкерді шындап ойландыратын, әрбірінің алдынан шығатын маңызды мәселе.
Қазақ тілінің әлеуметтік мәні күн өткен сайын тереңдеп, дәл осы бағытта білім беретін маманға деген сұраныс та көбейіп келеді. Бұған, екінші жағынан, кейінгі жылдары демографиялық өсімнің жақсаруы да айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Рас, жаңа заманға орай креативті мамандық та көп, бірақ олардың қаншалықты өміршең болары беймағлұм, өтпелі кезеңнің көшімен бірге құйрықты жұлдыздай ғайып болмасына кепілдік жоқ. Ендеше ескірмес кәсіп, өлмес мамандық таппақ керек.
Қазақстан Республикасында ешқашан ескірмесіне, күн тәртібінен түспесіне кепілдік берілген осындай мамандықтың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен жер-жаһанға жар салған Қазақ елімен бірге жасай беретін мамандық. Әсіресе орыс тілінде оқытылатын мекемелерде қазақ тілі мен әдебиетінен білім беретін мұғалімнің бәсі бәрінен жоғары.
«Bolashaq» Академиясындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының 30 жылға жуық тарихы бар. Осынша уақыт бойы мыңдаған бакалавр мен магистр дайындап шығарып, барлығы дерлік алдыңғы қатарлы ұйымдарда жемісті еңбек етіп келеді. Президент Әкімшілігі, Сенат пен Мәжіліс, әкімдік, ЖОО және орта білім беру мекемелері, сондай-ақ танымал ақпарат құралдары саласында абыройлы қызмет етіп жүргені қаншама. Есімдері әр жылы жарық көретін «Жаңа жүз есім» және «ҚР үздік жүз студенті» жинақтарына енуде.
Аталған кафедрадағы 6В01701 – «Қазақ тілі және әдебиеті», 6В01703 – «Қазақ және орыс тілінде білім беретін мекемелердегі қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламаларында оқыту мен тәрбие жұмысы шебер ұштастырылған. «Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісі – 2023» ұлттық сараптамасында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының еліміздегі 34 ЖОО арасында 4-орыннан көрінуі де мұндағы сапа мен жауапкершілік деңгейі жайлы біраз жайтты аңғартса керек.
Студенттердің жеке тұлға ретінде дамуына, кәсіби маман ретінде жетілуіне жан-жақты жағдай жасалған. Атап айтқанда: кафедра жанында студентті шешендік пен алғырлыққа баулитын, жеке шығармашылығын шыңдайтын, ғылыми әлеуетін қалыптастыратын түрлі үйірме жұмыс істейді; академиялық ұтқырлық аясында Түркия, Башқұртстан, Татарстан, Таулы Алтай, Қарақалпақстан және өз еліміздегі ЖОО-ларда тәжірибелік мақсатта оқытылуы жолға қойылған; республика және халықаралық деңгейдегі ғылыми әрі шығармашылық конкурстарға қатысуына мүмкіндік мол.
Тіл білімі мен әдебиет әлемінің қайнарынан сусындатар, мұхитында малтуға машықтандырар тәжірибелі оқытушылар да жеткілікті.
Біздің мекенжай: Қарағанды қ. Ерубаев көшесі, 16/6 («Гагарин алаңы» аялдамасы).
Байланыс үшін жауапты тұлға: Баян Алтынбекқызы Абылбаева,
тел: +7 708 282 82 18.
Ресми сайт: bolashaq.edu.kz.
Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,
«Bolashaq» Академиясының доценті, ф.ғ.к.