Мектебімізде «Адал ұрпақ» Біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Өнегелі өмір» жобасы аясында және Тілдер онкүндігінің жоспарына сәйкес филология ғылымдарының докторы, профессор Хамзин Мәуен Хамзаұлымен тағылымды «СөзLIVE-кездесу» өтті.Кездесудің негізгі тақырыбы – «Бір тіл – бір әлем, көп тіл – көп мүмкіндік».Тағылымды кездесуге мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысып, тілдің адам өміріндегі маңызы, ана тілін құрметтеу, көптілділіктің артықшылықтары, тіл арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу және заманауи қоғамдағы тілдік мәдениет туралы мазмұнды ойлар айтылды.


Профессор Мәуен Хамзаұлы оқушылармен еркін форматта пікір алмасып, тіл білімі мен әдебиет саласындағы қызықты деректермен бөлісті. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, білімді маманмен ашық сұхбат жүргізуге мүмкіндік алды.Кездесу барысында ана тілін ардақтау, өзге тілдерді үйренуге ұмтылу, сөз мәдениетін қалыптастыру, кітап оқу және білімге құштар болу мәселелеріне ерекше мән берілді.


«Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы» екенін ұғындырған тағылымды жүздесу оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға үлкен ықпал етті.Осындай өнегелі кездесулер жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп, тұлғалық дамуына жол ашады.