Таяуда, үстіміздегі жылдың 4 – қарашасы күні ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкілі, бас имам Естай Әбдіғали арнайы дастархан жайып, облыстың дін саласында жүрген имам, ұстаздардың өңіріміздегі белгілі зиялы қауым өкілдері, облыс басшылары, ақсақалдар қауымымен, қысқасы, қалың жұртшылықпен кездесуін өткізді. Бас имам тарих қойнауына енгелі тұрған 2023 жылы атқарылған діни саладағы жұмыстар бойынша есеп берді. Есептің бейнеролик арқылы көрсетілуі, нақты деректер мен цифрлардың шынайы дәлдікпен берілуі, іс-шараның белгілі бір реттілік пен жүйеге сәйкес жаңа форматта ұйымдастырылуы – бәрі де Естай Әбдіғалидың осынау міндетті атқаруға кіріскен аз мерзім ішінде пәрменді де игілікті шараларға ұйытқы болғанын байқатты. Осы уақыт ішінде өткізілген пікір алмасу, семинарлар, имандылық сияқты қасиетті ұғымның әр өзін мұсылманмын деп есептейтін жанның болмысына ұя салуы үшін сауапты істердің кешенді түрде жүргізілуі, табыс көзі аз отбасыларға мешіт тарапынан қайырымдылық шараларының пәрменді атқарылуы, діни сауаттылыққа баулитын арнайы оқу, дәрістер курсының сәтті өткізілуі, жоспарға сәйкес білімдар, ғұлама діндарларды басқа ел, өңірлерден шақыртып, дәрістер оқыту, облыс имамдарының білімін жетілдіруге бағытталған жұмыстар т.б. біраз жайтқа ден қойғызады:
- біз дінтанушы – теолог емеспіз, алайда көкейге келген ой-пікір, көзқарастарымыздың қалың жұртшылықтың пікірімен сәйкес келетініне сенімдіміз;
- ;егер жоғарыда айтылған алқалы басқосуда айтылғандай, атқарылған іс-шаралар (бір жыл ішінде) тек облыс орталығын, негізінен, қамтыса, әр аудан, қала, ауылдық округтардағы мешіттерде жүзеге асқан игілікті жұмыстарды есепке алсақ, атқарылған іс-шараның аса ауқымды екеніне көз жеткізер едік;
- дін – өте нәзік, күрделі, әр адамның жүрегіне, адами болмысына ешқандай мәжбүрлемей-ақ ұялайтын имандылық қағидасы. Ал, бес уақыт намаз оқымаса да, ораза ұстағанымен, қажылыққа бармаған жанның көкірегінде имандылық болса, үлкен жетістік емес пе? Ал, ондай жетістікке жету үшін облыс бас имамының қаншалықты дәрежеде тер төгіп, барлық имамдарды жұмылдыра алуы қандай күрделі екенін имандылық жолындағы қалың ел жақсы біледі. Егер Естай Әбдіғали бауырымыздың бас имам боп келгеніне бәлендей көп уақыт өтпегенін, алайда осынау аз ғана мерзім ішінде атаң түйеге жүк боларлық салмақты іс-шаралардың бел ортасында жүріп, зор ұйымдастырушылық қабілет көрсеткенін айтсақ, бізді ешкім де артық айтты деп сөкпейтініне бәс тіге аламыз. Ауыл, аудан, қала, облыс мешіттеріндегі үздік имамдарды анықтау, оларға материалдық тұрғыдан қаржылай көмек көрсету, жер-жерден билік иелерімен жолығып, мешіттердің шаруасын шешу, имамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салу, облыс басшылығымен келісе отырып, имамдарға баспана салу үшін жер телімдерінің бөлінуіне қол жеткізу – бәрі де бас имамның сан салалы жұмысынан хабардар етсе керек. Зияткерлік деңгейі, діни сауаттылығы жоғары, адами мәдениеті үлгі боларлықтай, санасы сара, табиғаты таза адам ғана діни саланың басшылығына лайық, ал, осы қасиеттер бас имамымыздың болмысынан байқалып тұр дегенді баса айтқымыз келеді.
Әрине, аз уақыт ішінде атқарылған қомақты іс-шаралар алдағы уақытта жүзеге асуға тиіс жұмыстарға алғышарттар жасайтыны мәлім. Олай болса, әлемде болып жатқан келеңсіздіктер, түрлі қантөгіс, тұтас бір үйлесімнің бұзыла бастауы – бәрі де үлкен саясатты, батыл іс-қимылды қажет етеді. Бұл орайда әсіре діншілдік, түрлі қауіпті ағымдарға тосқауыл қою т.б. билік өкілдері мен дін саласы қызметкерлерінің бірлесіп, қалың жұртшылықты қамти отыра атқаратын аса маңызды жұмысы дер едік.
Тұжырымдай айтсақ, аталмыш іс-шара тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болуына қосылған айтулы шаруа болды дегіміз келеді.
Мәуен ХАМЗИН Қазақстан
Журналистер Одағының мүшесі