Қазіргі күні сыбайлас жемқорлық деректерінің көптігі, қоғамның қай саласында болмасын белең алғандығы, әділетсіздіктің асқынып бара жатқандығы көкірегі ояу, көзі ашық әрбір зиялы азаматты бей-жай қалдырмайды. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей төндіретін қауіп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды. Осындай орайда 2021 жылғы 20 қарашада «Bolashaq» академиясы «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының» қорытынды талқылауын өткізді. Дөңгелек үстел офлайн, онлайн форматында өтті. Бұл бас қосуға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қарағанды қаласының мемлекеттік органдар басшылары, ғылыми орта, БАҚ өкілдері, ғалымдар, «Жаңару» қозғалысының мүшелері қатысты. Бұдан бұрын да бұл қозғалыс еліміздің әр өңірлерінде аталған тұжырымдаманы көптің талқысына салған болатын.
Дөңгелек үстелді «Жаңару» РҚБ төрағасы Әбдікәрімов Оралбай Әбдікәрімұлы ашты. «Bolashaq» академиясының профессоры, заң ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент мүшесі Нұрғалиев Бақыт Молдатьяұлы жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Баймағанбетұлы Мамраев алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениет қалыптастырудың өзектілігіне тоқталып, мазмұнды да мәнді талқылауға тілектестік білдірді.
Талқылау барысында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Шәкенов Денис Владимирович, Алматы қаласы «Нархоз» университетінң профессоры заң ғылымдарының докторы, профессор Исаев Аджимурат Алыбалаевич, «Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің» Экономика және құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ханов Талғат Ахматзиявич, Алматы қаласы «Тұран» университетінің Заң ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Әкімжанов Талғат Құрманұлы баяндама жасады. «Bolashaq» академиясының профессорлары да бұдан қалыс қалмай өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, философия ғылымдарының докторы Нәби Елікбаев болашақ мамандарды тәрбиелеу мәселелерін сөз етсе,, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Кабжанов Акылбек Тайболатұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жетілдіру жолдарын сөзіне арқау етті. Сонымен бірге «Bolashaq» академиясының 3 курс студенттері Марлен Қожахметов пен Амина Қабдолла «Студенттердің өзін-өзі басқаруы жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді құралы ретінде» атты өз жобаларының таныстырылым-презентацциясын жасады.
Бас қосу соңында Академия ұжымы мемлекетіміздің қалыптасуына еңбек сіңірген қоғам қайраткері бүкіл арқа жұртының арда азаматы, аймаңдай ақсақалы, бірегей тұлға «Жаңару» РҚБ төрағасы Оралбай Әбдікәрімовке «Академияның құрметті профессоры» атағын берді. «Bolashaq» академиясының ректоры Құралбай Несіпбекұлы Меңлібаев: «2021 жылғы 27 қазандағы «Bolashaq» академиясы Ғылыми кеңесінің шешімімен адамгершілік пен адалдықты өмірлік қасиет деп білген ұзақ жылғы жемісті еңбегіңіз үшін» деп, куәлік пен дәстүрлі мантия жауып табыстады.
«Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының» қорытынды талқылау кезіндегі мемлекеттік қызметшілердің, қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен студенттердің мәселені тереңнен қаузап, кеңінен қамти айтқан пікірлері мен ойлары, тіршіліктің тас диірменінде қайнап жетілген көкейге қонымды ұсыныстары алдағы күні топтама жинақ болып шығатын болады.