Өмірі мен шығармашылығы әділдік пен адалдық қағидаларымен ұштасқан Сәкен Сейфуллиннің рухани-адамгершілік мұрасына арналған «Сәкеннің өнегелі жолы» тақырыбындағы дәстүрлі онлайн адалдық сағаты өтті.
“Bolashaq”академиясының студенттері аталған іс-шараға белсене қатысты.
Сәкен Сейфуллин – мемлекеттік және саяси қайраткер, ақын және жазушы, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Ол қазақ халқының елдігін сақтап қалуы мен өркендеуі үшін өз өмірін қиған қазақ қайраткерлерінің тобына жатады.
Сәкен Сейфуллиннің сан қырлы күрделі болмысындағы ерекше қасиеттерінің бірі – жас ұрпақтың білім алуына ерекше көңіл бөлуі. Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болған кезінде ол білім алушы жастарға алғаш рет шәкіртақы тағайындап, «қазақ жастары әлемнің мықты оқу орындарында білім алуы тиіс» деген идея көтерді.
Ол жас ұрпаққа көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды өзінің міндеті деп санады. “Оқу ісіне көз қырын салып , соған қолынан келген жәрдемін тигізіп отыру – әр азаматтың мойнына артылған парыз. Ісіңмен, күшіңмен, тіліңмен болса да оқу ісіне жәрдем қылмасаң – кейінгі жас буынның қолы жағаңда кетеді», – деген жөн сөздері қоғам қайраткерінің биік өресін танытады.
Оның поэзиясының басты идеясы – дос қадірін білу, достыққа адалдық. Ақын адалдық пен арамдық, мансап пен ар-ұждан, достық пен қастықтың аражігін аша жазып, адам үшін құнды байлық – достықты жырлап өткен.
Патриотизм мен өз Отанына деген сүйіспеншілікті жоғары қоюда, мақсатқа жету үшін кез келген қиындықты жеңе білуде Сәкендей тұлғаның орны ерекше.
Адалдық, кішіпейілділік, ар азығына кір келтірмеушілік, шыншылдық сынды құндылықтарды ту етіп ұстаған тұлғасымен және көркем де шынайы туындыларымен, ол – өскелең ұрпақтың ұстазы.
Бүгін Қазақстан жастары онлайн “Парасаттылық сағаты” барысында ұлы тұлғаның өмірлік құндылықтары туралы толығырақ мәлімет алды.
Бейне-дәріске сілтеме: