КЕЛІСТІ БАС ҚОСУ

Таяуда, яғни 13 наурызда Қарағанды облысының имамы Естай Айтуғанұлы Әбдіғали қаламыздағы «Думан» мейрамханасында қасиетті Рамазан айындағы оразаға орай ауызашар дастарханын жайды. Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, танымал азаматтар, БАҚ өкілдері, мәдени орталықтар өкілдері, лауазымды азаматтар қатысқан аталмыш іс-шара өте мазмұнды өтті десек, артық айтқандық болмас.                                                                              

Облыс әкімінің орынбасары Е. Құсайын жұртшылықты Рамазан айының басталуымен құттықтап, салмақты да мазмұнды ойлар айтты. Бас имам аталмыш іс-шараның аясында қасиетті айдың дүйім жұрттың рухани тазаруына, ең бастысы, дін саласында атқарылып жатқан игілікті істердің заманауи әлемде қазір орын алып отырған келеңсіз жайттар кезеңінде Қазақстан халқының ауыз бірлігі, ынтымақтастығы мен рухани келісімнің нығая түсуіне бағытталып отырғанына баса тоқталды. Мәдени іс-шаралардың орын алуы, Естай Айтуғанұлының белгілі бір дәрежеде атқарылған істерге есеп беріп, көпшілікпен ой бөлісуі-бәрі де сәтті өтті. Дін жолында жүрген жандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін көп пәтерлі үй салатын жер телімінің берілуі, яғни мәрт те қалталы азаматтардың қаржылай жәрдем жасауы қажеттілігі туралы өтініш естір құлақ болса, жақсы-ақ айтылды.           Жалпы алғанда, аталмыш саланың аса күрделі де күрмеуі қиын екенін көп жұрт түсінуге тиіс. Біз ол саланың білгірі емеспіз, алайда бір жайтқа пайыммен үңілгеніміз абзал сияқты, ол-бас имам боп тағайындалған азаматтың саясаткер, жақсы мененджер, шебер ұйымдастырушы, шешімталдық, принципшілдік, талапшылдық сипаттары басым жан болуы керек. Табандылық, жұртшылықпен жұмыс істей алатын қабілет, атқарушы органдарымен тіл табысушылық, көпшіліктің көзін жеткізе алар дарын, қысқасы, адамтану ілімінің білгірі болғаны абзал. Ал, ондай деңгейге көтерілу үшін ол азамат табиғаты таза, санасы сара болуы және қажет. Осынау қасиеттер Естай бауырымыздың болмысына ұя салған десем, ешкім мені әдептен аттады, асыра мақтау мен жарамсақтыққа барыпты деп сөкпейтініне сенімдімін.                                                                                                         

Кез келген адамда діл, дін, тіл үштағаны шебер үйлессе ғана ең алдымен, өз елінің, содан соң кең ауқымдағы сан алуан жұрттың танымал тұлғасы бола алады. Кеше ғана тоталитарлық тәртіп шеңберінде болған елдің бүгінгі жас буыны дінге жаппай бет бұруда. Оларға өте сауатты жан, білімдар адам ғана жол нұсқауы керек. Жасыратыны жоқ, қазір өте қауіпті діни ағымдар бар. Асыл дінімізге қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Діннің бизнеске айналғанын, теріс пиғылды, болмысы діни қызметкерге келмейтін, білімі таяз имамдар туралы көп айтылады. Арабқұлдар т.б. ұғымдар көбейді: Бұл жерде, біздің ойымызша көнеден келе жатқан араб мәдениетін, мол мұрасын дін жолында жүрген аласа, дүмше жандармен салыстырмау керек. Бұл жерде биік зияткерлік, асқақ парасаттылық қажет. Сонда … осынау аса нәзік те күрделі, өте қиын проблемаларды бас имам мен ал басқаратын саланың имамдарына сілтеп қойып, өзіміз сырттай бақылаушы боп отырамыз ба? Түрлі пікірлерден туатын көзқарас мынада: діннен өмір тумайды, керісінше, өмірден дін туады. Жаратушы Ие мен діндегі қазірде қалыптасқан «әттеген-айларды» біртұтас ұғым деп қарастыруға болмайды. Тәуелсіз елдің іргесі берік, тұғыры мықты болуы үшін жан аямай еңбектеніп жүрген Естай бауырымыз бен басқа имамдарға жан-жақты жәрдеміміз керек. Рас, араб т.б. ұлттар мен қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде елеулі айырмашылықтар бар. Тәңіршілдік діні, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы менталитет, бұрынғы ұстанған дін мен Ислам дінінің ортақ сипаттары, Ислам лаңкестері немесе содырлары деп асыл дінімізді кемсіту т.б. жайттар, міне, осылардың өзі-ақ қаншалықты салмақты, өте ауқымды істердің жүзеге асуын талап етіп отыр. Сірә, содан болса керек, «Ислам және дәстүр құндылығы» бағдарламасының қолға алынуы, оқымысты, ғалымдармен кездесу, оларға дәріс оқытудың жолға қойыла бастауы-бәрі де Естай Әбдіғали бауырымыздың табанды еңбегі, ірі ұйымдастырушылығы дегеніміз орынды. Ендігі сөз зиялыларда, кәсіпкер т.б. жүрегі халқым деп соғатын азаматтарда дегіміз келеді.

Мауен ХАМЗИН,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.