«Bolashaq» академиясының тарихында ерекше маңызға ие айтулы оқиға орын алды. Бұл қуанышты жаңалық біздің ұжым үшін зор мақтаныш қана емес, Академияның ғылыми дамуындағы жаңа белестің бастауы болды.
«Bolashaq» академиясының ұжымы Көпжасарова Сағынгүл Ізбасарқызын диссертациялық кеңестің философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы шешімінің бекітілуімен шын жүректен құттықтайды.

«Оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізудегі борышкердің мәмілелерінің жарамсыздығы» тақырыбындағы диссертациялық жұмыс 8D04201 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасы және 8D042 – «Құқық» кадрларды даярлау бағыты бойынша орындалып, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде сәтті қорғалды.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жетекшісі – заң ғылымдарының кандидаты, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті заң факультетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының профессоры Нукушева Айгүл Әшімқызы.
Бұл жетістік «Bolashaq» академиясы үшін айрықша мәнге ие.
Сағынгүл Ізбасарқызы Академия қабырғасында кәсіби және ғылыми қалыптасу жолының негізгі кезеңдерінен өткен алғашқы PhD докторы атанды. Ол «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат пен магистратураны «Bolashaq» академиясында тәмамдап, кейін Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің докторантурасына оқуға түсті. Сонымен қатар, ол туған білім ордасымен байланысын үзбей, Академияда оқытушы ретінде еңбек жолын жалғастырып келеді.
Шын мәнінде, Сағынгүл Ізбасарқызы – кәсіби тұрғыдан «Bolashaq» академиясында қалыптасқан алғашқы PhD докторы. Бұл – оның жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар заң пәндері кафедрасы профессор-оқытушылар құрамының, ғылыми жетекшілер мен тәлімгерлердің, жалпы Академия ұжымының ұзақ жылдар бойғы жүйелі еңбегінің жемісі. Оның жетістігі «Құқықтану» білім беру бағдарламасының жоғары деңгейде маман даярлайтынын және Академияда білім алушылардың кәсіби әрі ғылыми дамуына қолайлы білім беру және ғылыми орта қалыптасқанын айқын дәлелдейді.
Бұл маңызды оқиғаның Академияның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында орын алуы оның маңызын одан әрі арттыра түседі. Бұл – мерейлі датаға арналған ең лайықты тартулардың бірі әрі Академияның қалыптасқан ғылыми мектебінің кемелденгенін және жоғары білікті мамандар даярлау жөніндегі басты миссиясының табысты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын дәлел.
Сағынгүл Ізбасарқызының өмір жолы – мақсатқа ұмтылудың, еңбекқорлықтың, мамандыққа адалдықтың және ғылымға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның кәсіби жолы «Bolashaq» академиясының түлектері тек тәжірибелік құқық саласында ғана емес, ғылыми-зерттеу қызметінде де биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдейді.
Ең бастысы, Сағынгүл Ізбасарқызы бүгінгі күні де «Bolashaq» академиясында қызмет атқарып, өз білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа табыстап келеді. Оның өнегелі жолы жас оқытушыларға, магистранттарға, студенттер мен түлектерге ғылым жолына қадам басудың туған альма-матерден басталатынын, ал табандылық пен ұстаздардың қолдауы кез келген биік мақсатқа жеткізетінін көрсетеді.
«Bolashaq» академиясының ұжымы бұл жетістікке өзінің де тікелей үлесі бар екенін мақтан тұтады. Біз бұл оқиға Академия тарихындағы жаңа игі дәстүрдің бастауы болып, алдағы уақытта оның түлектері еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтатын философия докторларының (PhD) қатарын толықтыра беретініне сенімдіміз.
Көпжасарова Сағынгүл Ізбасарқызын осы айтулы жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, шығармашылық шабыт, жаңа ғылыми табыстар, зерттеу жобаларының сәтті жүзеге асуын, дарынды шәкірттер мен толайым кәсіби жетістіктер тілейміз. Бұл жетістік Академияның бүгінгі студенттері мен жас оқытушылары үшін үлкен шабыт пен бағдар болсын! Ал Сағынгүл Ізбасарқызының есімі «Bolashaq» академиясының қабырғасында қалыптасқан алғашқы PhD докторы ретінде Академия тарихында лайықты орын алады.