Бүгінде инклюзивті білім беру-заман талабы. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ерекше балаларға арналған жағдайды жақсартудың басты міндеттеріне тоқталды. Міндеттер қатарында білім және ғылым министрі мамандарды оқу-әдістемелік сүйемелдеуді жетілдіруге және педагогтардың әлеуетін арттыруға ерекше назар аударды.
Осы саладағы болашақ мамандар алған теориялық білімді практикалық жетілдіру мақсатында 27 қазанда мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу кафедрасының аға оқытушылары Р.М. Жанысбаеваның және Г. Т. Таликованың басшылығымен педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын студенттер Шахтинск қаласының білім беру мекемелеріне барып, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалармен жұмыстың ұстанымдарымен және мазмұнымен танысты. Студенттер жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық негіздері туралы білімдерін толықтырды.