Достық кубогі

Қазанның 2 жұлдызында «Bolashaq» академиясы Жастар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастыруымен «Аманат» спорт кешенінде «Ұстаздар күніне» орай Қарағанды облысының барлық мектеп, колледж, университет мұғалімдері мен оқытушылары арасында мини-футболдан «Достық Кубогі» үшін арнайы турнир өткізілді.

Алғаш рет ұйымдастырылып 2 күнге созылған спорттық додаға 32 команда қатысты. Турнирдің бас демеушісі «Bolashaq» академиясы қатысушыларға қаржылай және бағалы сыйлықтар табыстады.

Әділ және тартысты бәсекеде жүлделі ІІІ орынды «Қайрақты» ауылы мектебінің ұстаздары иеленсе, №77 жалпы білім беретін мектеп-бала бақша кешенінің мұғалімдері күміс жүлдені қанжығасына байлады. Бас жүлде, яғни, турнир жеңімпазы боп №16 орта мектебінің ұстаздары атанды.

Аталмыш ойынға, Академияның да ұжымы қатысты. Алайда, жартылай финалда Балқаш қаласының көп салалы колледжінің оқытушыларымен кездесіп 4-6 есебімен есе жіберіп алды.

Турнирдің жалпы нәтижесі бойынша, «Үздік қорғаушы» – Тасимов Ерсайын (Индустриалды-гуманитарлы колледж Жезқазған қ.), «Үздік қақпашы» – Махмуд Мәди (ҚММА), «Үздік шабуылшы» – Әділов Темірлан (Ақтоғай ауд.), «Үздік ойыншы» – Қаликен Әділет (Көпсалалы колледж Абай қ.).

«Дәл осындай спорттық шараларға қатысып өнер көрсету – біздер үшін үлкен мәртебе. Турнир достығымыздың беріктігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның болашақтағы бірлескен жұмысымыздың нәтижелілігіне де пайдасы зор деп есептеймін. Спорттық іс-шара келер жылдары да өз жалғасын табады деген ойдамыз» – деді жарыс соңында чемпиондар командасының капитаны Қыстаубаев Берік.

Жастар ісі жөніндегі комитетініңтөрағасы Мейрбек Байшагиров

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.