“Болашаққа” алғысым зор!

“Bolashaq” академиясының түлектері өздерінің кәсіби қызметінде жаңа белестерге жете отырып, өздерінің Alma-Mater-ін ұмытпайды және өзінің жарқын естеліктерімен бөліседі.

Ерзат Молдабекұлы Ермағамбетов, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының 2015 жылғы түлегі:

Бұл оқу орны жайлы түнді-түнге созып небір қызықты әңгімелерді айта берсе болады. Әсіресе қызығы мен шыжығы мол студенттік өмірді.

Арман қуған албырттықпен осы оқу орнына тағдырдың айдауымен ойламаған жерден түстім. Максимализм деген Арқаның Ақсораңынан биіктеу кезі ғой.

Бірде тоқ, бірде түлкіқұрсақ студенттік шағым сайранмен ғана өтпеді, білікті маман болып қалыптасып, телегей – теңіз білім иелерінен дәріс тыңдадым. Бұл үлкен ғанибет екен. Үйрене беруге, көкейге көп нәрсе тоқуға тырысасың.

Ұстаздарымыз бізге бағдаршам болды, кейде қалың тұман ішінен адастырмас шырақ іспетті болды. “Адаспаймыз ұлы жолдан, ұстаз берген білім қолда” деген ұранмен өз жолымызды іздеп жан-жаққа кеттік. Негіз берік болса, адам адаса қоймайтынын кейін түсіне бастадық.

Кеше ғана дипломды қолға алып, түндей тылсымы мол келешек үрейлендіргендей еді. Ал енді, қазір “Болашақ” академиясында алған білімім мыңжылдық азығыма айналады деген үміттемін.

Ұстаздарымның ұлы жолын жалғауға талпынып, мен де білім беру саласына ойыстым. “Ат айналып қазығын табар” дегендей мен де өз қазығымды тапқандаймын.

Өз жолыңды табу, және сол жолмен адаспай жүру – міне, өмірде ең бастысы осы деп ойлаймын

Осы тұрғыда “Болашаққа” алғысым зор!

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.