«Ел болам десең қазақ, бесігіңді түзе»,– деген Мұхтар Әуезовтың қанатты сөзі бүгінде де өз маңыздылығын жоғалтпаса керек. Олай деудің де себебі бар. Тәрбие тал бесіктен басталатыны бесенеден белгілі десек те, ұлттық мүдде мен ұлттық кодтты өскелең ұрпаққа ұлағаттауда олқылықтар орын алып жататыны рас. Ақпараттың қайнаған ортасына айналған цифрлы заманда классикалық әдебиетті оқу кенжелеп барады.
Дәл бұндайға орын бермеу мақсатында 22 қараша күні «Bolashaq» академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушылары мен студенттері және №6 ЖББМ бірлесе отырып, «Үш бәйтеректі» насихаттау аясында жазушы, ақын Бейімбет Майлиннің 125 арналған «Бейімбет – ұлт жазушысы» атты кездесу кеші өтті. Жазушының өмірінен, шығармашылығынан хабардар етер видеомен басталған кеш, мектеп оқушыларының Бейімбет Майлиннің өлеңдерін оқып, пьесаларынан үзінді ойнатып, өз жалғасын тапты.
Сөз академиядан келген қонақтарға берілді. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Құрманғзы Зәкірұлы Сембиев жазушы шығармалырына тілдік талдау жасап, бүгінгі таңдағы тіл мәселелеріне де аз-кем тоқталып, оқушыларды ұйыта білді. Ал, кафедра оқытушысы Ерзат Ермағамбетов Бейімбет Майлиннің ұлттық болмысты шебер бейнелеп, әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алар жазушы екенін дәлелдеді. Қалайша? Оның шығармалырын көркемдік тұрғыда талдай отырып, әлем әдебиетінен мысалдар келтіріп, әсіресе қысқа әңгіме шебері Акутагава Рюноскэ шығармаларымен салғастыра отырып талдады.
Іле шала академия студенттері мәнерлеп өлең оқып, өз шығармашылығынан жыр шашу жасап, оқуышылар назарын бірден жаулап алды.
Тағылымы мол осындай шаралар оқушының ой санасына зияткерлік сәулесін төгіп, көкіректеріне білім дәнін егері сөзсіз. Өзіміздің ұлттық құндылығымызды ұрпаққа ұлықтауда көп істер атқарылып келе жатса, кемел келешектің ауылы алыста емес деген ой келеді.
Ерзат Ермағамбетов