«Қазыналы өлке» өлкетану жобасы аясында Қайырбек Изатбекұлы Сәдуақасовты еске алу кеші өтті

2026 жылдың 13 сәуір күні Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қарағанды медицина университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесімен бірлескен «Қазыналы өлке» өлкетану жобасы аясында «Тұғырлы тұлға тағылымы» атты қоғам қайраткері, «Тіл жанашыры», «Құрмет» орденінің иегері, «Мәдениет қайраткері», ақын, жазушы, аудармашы, суретші, сазгер, өлкетанушы, алаштанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Қайырбек Изатбекұлы Сәдуақасовты еске алу кеші өтті.


Іс-шараның тізгінін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Мүбарак алып, кештің алғашқы сөзін Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Нұргүл Қаленова бастап берді. Қарағанды медицина университетінің 1 курс тсуденті Іңкәр Есенгелді «Елін сүйген, елі сүйген азамат» атты Қайырбек Сәдуақасовтың тағылымға толы өмір жолы мен атқарған істері жайлы презентация жасады. Жастар ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың «Аға» , ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Абзал Бөкеннің «Өзгеден ісің бөлек», ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Ғазиз Ештанаевтың «Биіктік» атты арнау өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды.
Сондай-ақ, кеш барысында Қайырбек Сәдуақасовтың замандастары ф.ғ.д., профессор Мәуен Хамзин, жазушы-журналист Ермек Балташұлы, тележурналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты Әли Тойжігіт, «Тоқырауын толқындары» әуесқойлар ән-би ансамблінің көп жылдар бойы режиссері қызметін атқарған Нұрлан Күлшікенов, жерлесі әрі шәкірті Қарағанды медицина университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесімесінің жетекшісі Камшат Абдрахманова және Қайырбек Сәдуақасовтың әпкесі, сондай-ақ, қызы Гүлмира жылы естеліктерімен бөлісті. Жазушы Қайырбек Сәдуақасовтың табысты еңбек жолы, азаматтық ұстанымы, тағылымды өмірі жайлы мақалалары мен естеліктері енген «Құлабыз-ғұмыр» атты балаларының арнайы дайындап шығарған, көпшілік оқырман қауымға арналған кітабының таныстырылымы өтті.
Іс-шараға Қарағанды қаласының зиялы қауымы, журналистер, Қарағанды медицина университетінің және Қарағанды жоғары «BOLASHAQ» колледжінің студенттері қатысты.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.