Асыл қазынамыз – қарттарымыз ардақталды

Қазан айының алғашқы күні аталып өтетін Халықаралық қарттар күніне орай «Bolashaq» Академиясының белсенді студенттері «Забота» қарттар үйіне арнайы барып, қарияларды мерекемен құттықтады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл игі шараның басты мақсаты – өмірлік тәжірибесі мол, өнегелі ғұмыр иелеріне құрмет көрсету, ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізге жылулық пен қуаныш сыйлау.

Салтанатты іс-шараның шымылдығын Академия проректоры Марғұлан Уәлиұлы мен «Әділет» партиясының Қарағанды қалалық филиалының төрағасы Талғат Болатбекұлы ашып, қарияларға ізгі тілектерін жеткізді.

Құттықтау сөздерінде олар аға буынның қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша рөліне тоқталып, қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және қажымас қайрат тіледі.

Ресми бөлімнен кейін мерекелік бағдарлама студенттердің әсем әндері мен күмбірлеген күйімен жалғасты. Жастардың өнеріне тәнті болған қариялар ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

«Bolashaq» Академиясының студенттері алдағы уақытта да қайырымдылық пен ізгілікке негізделген осындай игі бастамаларды жалғастыра бермек.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.