«Академиялық адалдық – сапалы білімнің негізі» тақырыбында куратор сағаты өтті

Студенттердің академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру мақсатында педагогика кафедрасының аға оқытушысы А.А. Есмагулованың ұйымдастыруымен «Академиялық адалдық – сапалы білімнің негізі» тақырыбында куратор сағаты өткізілді. Кураторлық сағатқа ПиП-26-2, НКИ-26-2, ПМНО-24-2, ПМНО-23-2 топ студенттері мен кафедра бойынша аға куратор С.К. Мекадилова қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге академиялық адалдық қағидаларын түсіндіру, плагиат пен көшірудің салдарын ұғындыру, өз еңбегіне жауапкершілікпен қарауға және жасанды интеллект құралдарын дұрыс пайдалануға үйрету.

Куратор сағаты пікірталас және жағдаяттық тапсырмалар форматында ұйымдастырылды. Алдымен студенттер «Адалдық дегеніміз не?» тақырыбында ой бөлісіп, академиялық адалдықтың білім сапасы мен болашақ кәсіби қызметтегі маңызын талқылады.

Ақпараттық бөлімде академиялық адалдықтың негізгі қағидалары таныстырылды. Олар: адалдық, жауапкершілік, әділдік, сенім, құрмет және ашықтық. Сонымен қатар плагиат, емтихан кезінде көшіру, басқа адамның жұмысын өз атынан ұсыну, мәліметтерді бұрмалау, тапсырманы бөгде адамға орындату және жасанды интеллект әзірлеген мәтінді тексерместен пайдалану сияқты академиялық бұзушылық түрлері түсіндірілді.

Топтық жұмыс кезінде студенттер академиялық адалдыққа қатысты нақты жағдаяттарды қарастырып, қандай қағидалардың бұзылғанын, оның ықтимал салдарын және дұрыс шешу жолдарын анықтады. Пікірталас барысында білім алушылар академиялық бұзушылыққа қатысқан әрбір адамның өз әрекеті үшін жауапты екені туралы қорытындыға келді.

Куратор сағатының қорытынды бөлімінде студенттер рефлексия жасап, академиялық адалдық туралы түсініктерімен бөлісті. Сондай-ақ қатысушылар тапсырмаларды өз бетінше орындауға, басқа авторлардың еңбегін құрметтеуге, пайдаланылған дереккөздерді көрсетуге, плагиат пен көшіруден бас тартуға және жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдануға бағытталған «Академиялық адалдық антын» қабылдады. Іс-шара студенттерге академиялық адалдықтың академия талабы ғана емес, әр адамның жеке және кәсіби құндылығы екенін түсінуге мүмкіндік берді. Адал жолмен алынған білім болашақ маманның құзыреттілігін, жауапкершілігін және кәсіби беделін қалыптастырады.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.