Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтың басшылығына алынды. Осы тағайындауға дейін ол Nur Otan партиясы Парламент Мәжілісінің депутаты болды.
ҚР БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына жаңа ректорды таныстырды.
- Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен және менің бұйрығыммен Нұрлан Дулатбеков Қарағанды университетінің ректоры болып тағайындалды. Нұрлан Орынбасарұлы білім беру саласында Елбасының алға қойған міндеттерін орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бірінші кезекте университеттің жаңа стратегиясын талдап, бекіту қажет деп санаймын. Екіншіден, кадр мәселесіне көңіл бөліп, оны күшейту керек. Үшінші мәселе – педагогтардың жалақысын көтеру, – деді Асхат Аймағамбетов.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Нұрлан Дулатбековты қызметке тағайындалуымен құттықтады: – Сайлау нәтижелері мен ҚР БҒМ шешімі сіздің ғылым саласындағы жоғары беделіңіздің, еңбегіңіз бен кәсіби жетістіктеріңіздің мойындалуының дәлелі болды. Үлкен өмірлік тәжірибе және басшылық лауазымдардағы жұмыс өтілі, Ғылыми жұмыстар мен зерттеулер сізге университетті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз бұған көмектесуге дайынбыз. Сізді тағайындалуыңызбен құттықтаймын, табыс пен жемісті жұмыс тілеймін!
Нұрлан Дулатбеков 1962 жылы Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген.
1984 жылы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың “Құқықтану” мамандығын, 1992 жылы ҚР Ғылым Академиясының философия және құқық институтының аспирантурасын бітірген.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі.
Педагогикалық қызметін 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы ретінде бастады. Содан кейін осы университеттің заң факультетінде кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1996 жылдан 2013 жылға дейін Қарағанды “Болашақ”университетінің ректоры болды.