Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде университет ғылымының дамуы талқыланды

2023 жылдың 20-21 қаңтарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен «Университет ғылымының дамуы Қазақстанның инновациялық дамуының қажетті алғышарты» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Сондай-ақ, озық деген қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми-инновациялық жетістіктері көрмесі өтті. Конференцияға Академияның жоғарыдан кейінгі білім беру бөлімінің жетекшісі Е.Серімов қатысып қайтты.

Шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі. Ғылым мен инновацияны дамытудың және Мемлекет басшысы айтқан әртараптандырылған, технологиялық экономиканы құрудың маңызын атап өтіп, министр университеттердің бүгінгі таңдағы даму барысына тоқталды. Қазіргі уақытта елімізде шетелдік бес жетекші зерттеу университетінің филиалы ашылды. Университет ғылымын тұрақты қаржыландыру үшін 2023 жылы 5 пилоттық оқу орнында эндаумент-қорларды ашу бойынша нысаналы капитал қорлары туралы жеке заң тұжырымдамасы және жол картасы әзірленді.

«Қазақстанда университеттік ғылымды дамыту бойынша қабылданған басымдық жоғары тиімділігі мен нәтижесін көрсетті. Соңғы жылдары елдегі ғылыми-зерттеу белсенділігінің көрсеткіштері ғылымның дәстүрлі моделін сақтаған посткеңестік елдердің көпшілігіне қарағанда жоғары. Университет ғылымының дамуына жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру бағдарламасы ықпал ететін болады», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Пленарлық мәжіліс басталмас ЖОО ғалымдарының табысты ғылыми әзірлемелерімен қатар студенттік стартаптарды таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚазҰАУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Ғылым қоры, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Жану мәселелері институты, Зоология институты ғалымдары өз жетістіктерін ұсынды.

Қатысушылар озық тәжірибе алмасу, ғылыми ұйымдар мен университеттер ынтымақтастығын кеңейту қажеттігін қолдады. Сонымен қатар жиында жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау, ғылыми-технологиялық даму саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сонан соң екі күнге жоспарланған конференция жұмысы параллель секцияларға жалғасты. Онда «Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру», «Ғылыми-технологиялық дамуды қамтамасыз етудің нормативтік-құқықтық базасы», «Инновациялық университет экожүйесі: технопарктерді, зерттеу хабтарын, инжинирингтік орталықтарды және бизнес-инкубаторларды іске асырудың сәтті кейстері» бағыттары қарастырылды.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.