Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуді жоспарлаған талапкерлер үшін ұйымдастырылатын наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу компьютерлік форматта өтеді. Егер бұған дейін көктем айындағы тестілеу тек 10 күнге созылса, биыл қатысушыларға 1 ай уақыт беріледі. Наурыздағы ҰБТ-ға қатысу үшін app.testcenter.kz сілтемесі бойынша тіркелу қажет.
Пәндер саны әдеттегідей бесеу: үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу жүргізіледі. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. Максималды балл – 140.
«ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсуге ниет білдіргендер Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы тіркеле алады. Көктемдегі ҰБТ 10 наурызда басталып, 10 сәуірге дейін жалғасады. Тестілеу электрондық форматта “бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера” қағидасы бойынша өтеді. Сондай-ақ прокторинг жүйесі қолданылады, бейнебақылау орнатылады. Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру жүйесі – Face ID ҰБТ-ға қатыспақ болған бөтен адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Осының барлығы академиялық адалдық қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтуге жағдай жасайды», – деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
ҰБТ өткізу кезінде санитарлық талаптар сақталатын болады.