2026 жылғы 10 қыркүйек күні Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қала тұрғындары мен білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған «Шексіз мүмкіндіктер: келіңіз, көріңіз, шабыт алыңыз» атты Ашық есік күні өтті.

Аталған іс-шараға «Bolashaq» академиясының Фармацевтикалық пәндер кафедрасының оқытушылары Темиреева К.С. және Темиреева Н.Б. жетекшілігімен Фм 24-2 және Фм 25-2 топ студенттерімен қатысты.
Ашық есік күнінің негізгі мақсаты – кітапхана қызметін кеңінен насихаттау, оқырмандарды кітап қорымен және заманауи ақпараттық мүмкіндіктермен таныстыру, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және олардың рухани-мәдени дамуына ықпал ету.
Студенттер кітапхананың бөлімдерімен танысып, кітап қоры мен электрондық ресурларды пайдалану мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Бағдарлама барысында «Welcome-зона», библиографиялық шолулар, кітап көрмелері, өлкетану QUIZ, «Жасанды интеллект және цифрлық әлем» IT-гидасы, «Book Journey: Әлем беттеріне саяхат» кітап челленджі және «ART OPEN DAY: Өнер әлеміне есік аш!» музыкалық-интерактивті ойыны сияқты қызықты іс-шараларға қатысты.


Сонымен қатар студенттерге кітапхана бойынша экскурсия ұйымдастырылып, «Зерделі ұлт» жобасы аясындағы кітап көрмелері таныстырылды. Қатысушылар шығармашылық клубтардың жұмысымен танысып, кітапхана ұсынатын мүмкіндіктер туралы жаңа мағлұматтар алды.


Іс-шара барысында студенттер өздерін қызықтырған кітаптарды қарап, жаңа ақпараттармен танысып, білімдерін толықтыруға мүмкіндік алды. Мұндай мәдени-танымдық кездесулер жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, бос уақытын тиімді өткізуіне және рухани құндылықтарын арттыруға ықпал етеді.
Қорытай келе: «Шексіз мүмкіндіктер: келіңіз, көріңіз, шабыт алыңыз» атты Ашық есік күні студенттер үшін танымды әрі әсерлі өтіп, білім мен мәдениет әлеміне жаңа көзқарас қалыптастырды.