2024 ж. 5 сәуірде ДОВ 20-2 тобының студенттерімен «Өндірістік практика» аяқталғанан кейінгі қорытынды конференцияны практиканың жетекшесі «Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы Жанысбаева Р.М өткізді. Конференцияға п.ғ.к., доцент Шалтаева Р.Ж., Таликова Г.Т., Алексеева Е.А., Нуртаева Д.Б. қатысты.
Өндірістік практика Қарағанды қаласының КМҚК «Айгөлек» бөбекжайында және Ұлытау облысы, Жезқазған қаласының КМҚК «Гүлдер» бөбекжайында, 29.01.2024 ж. – 05.04.2024 ж. аралығында өткен.
Академия тарапынан студенттердің өндірістік-педагогикалық практикасын ұйымдастыруды және оқу-әдістемелік басшылықты кафедра жүзеге асырады, ол басшы – оқытушыларды тағайындайды. Практика базасы тарапынан балабақшадағы тәрбие – білім беру үдерісіне басшылық ету үшін әдіскер-басшы, тәрбиеші тағайындалады. Өндірістік практика басталғанға дейін бекітілген кестеге сәйкес студенттерді практика бағдарламасымен, оны өткізу тәртібімен, есептік құжаттамаға қойылатын талаптармен және практиканттардың педагогикалық қызметін бағалау өлшемдерімен таныстыратын бекіту конференциясы өткізіледі.
Студенттердің жұмысының мазмұны мен сипаты бойынша өндірістік-педагогикалық практика 3 кезеңге бөлінген:
I кезең – дайындық. Бірінші аптада студент-практикант білім беру ұйымымен, бекітілген топтың балаларымен және тәрбиешілерімен танысады. Нормативтік және педагогикалық құжаттарды талдайды. Күндізгі 13 және 14 сағатта балалардың режимдік сәттерін және басқа да іс-әрекеттерін бақылайды. Алғашқы екі күн ішінде студент-практикант жеке жоспар жасайды, күнделікке жазады, топ басшысына бекітуге береді. Күнделік жеке жоспар бойынша толтырылады.
II кезең – негізгі кезең. Жұмыс кезеңі 3 аптаға созылады, осы уақыт ішінде студент негізгі тапсырмаларды орындайды: сынақ сабақтарын өткізеді, күнтізбелік жоспар бойынша тапсырмаларды орындайды, тәрбие істерін ұйымдастырады. Сабақты өткізуден 2-3 күн бұрын балабақшадағы өндірістік практика басшысы әрбір сабақтың конспектісін бекітеді.
III кезең – бақылау-бағалау. Тәжірибе туралы есепті дайындау және рәсімдеу. Тәжірибені қорытындылау.
«Педагогика» кафедрасының доценті, п.ғ.к., Шалтаева Р.Ж.