2022 жылдың 17 наурызында Қарағанды облысы Әділет департаментінің қабырғасында болашақ адвокаттардың кезекті аттестациясы өтті.
Әділет аттестаттау комиссиясының мүшесі заң пәндері кафедрасының меңгерушісі Қабжанов Ақылбек Тайболатұлы болып табылады.
Аттестаттау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 мамырдағы № 653 Қаулысына сәйкес қатаң түрде өткізіледі.
Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне компьютерлік тест тапсыру;
2) адвокаттық қызметпен айналысуға үміткердің білімін емтихан билеттері бойынша заң шиеленісін шешу нысанында алдын ала көрсетілген сұрақтарға жауап беру арқылы тексеру.
Үміткер өз таңдауы бойынша аттестаттаудан қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы. Үміткер аттестаттау басталғанға дейін өзінің тіл таңдауын жазбаша растайды.
Тестке енгізуге жататын сұрақтар тізбесі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітіледі. Үміткерлердің білімін бағалауға арналған сұрақтар адвокаттық қызметті жүзеге асыру үшін білімі қажет құқықтық пәндердің тақырыбына сәйкес келуі және бір дұрыс жауабы бар кемінде үш нұсқадан тұруы тиіс. Тестілеу компьютерлік техниканы пайдалана отырып жүргізіледі. Тестілеуге бөлінген уақыт тоқсан минутты құрайды.
Аттестаттаудан өтер алдында Комиссия үміткерді аттестаттаудан өткізу тәртібі, үміткерлерді іріктеу рәсімінің ұзақтығы мен мазмұны туралы хабардар етеді.
Аттестаттаудан өту кезінде үміткердің анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына жол берілмейді.
Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда, үміткер Комиссия хаттамасының негізінде аттестаттаудан шеттетіледі.
Аттестаттаудан шеттетілген үміткер қағидаларда көзделген тәртіппен шешім шығарылған күннен бастап үш ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы қайта өтініш беруге құқылы.
Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу пайдаланылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері принтерде екі данада басып шығарылады және үміткерге жеке қолын қою арқылы танысу үшін ұсынылады.
Тестілеу нәтижелері бар парақтың бір данасы үміткерге тапсырылады, екіншісі – Комиссияға беріледі.
Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 және одан да көп пайызын құраса, үміткер тестілеуден өтті деп есептеледі және екінші кезеңге жіберіледі.
Емтихан билеттеріне енгізуге жататын сұрақтар тізбесі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітіледі. Емтихан билеттері адвокаттық қызметті жүзеге асыру үшін білуі қажет құқықтық пәндердің тақырыбына сәйкес келуі тиіс үш сұрақтан тұрады.
Үміткердің емтихан билеттерінің сұрақтарына жауап дайындауына 10 минут беріледі. Емтихан билеттерінің сұрақтары бойынша үміткердің ауызша жауаптарының дұрыстығын комиссия мүшелері бес балдық жүйе бойынша бағалайды.
Комиссияның әрбір мүшесі аттестатталушының жауаптарын басқа бағалаушыларға қарамастан бағалайды.
Екінші кезеңнің қорытындылары бойынша төрағалық етуші комиссия мүшелері қойған нәтижелерді есептейді және жалпы орташа балды шығарады.
Комиссия мүшелерінің бағалары, сондай-ақ аттестатталушы адамның емтихан билетінің мәселелері бойынша жинаған жалпы орташа балы Комиссияның хаттамасында көрсетіледі.
Егер жалпы орташа балл кемінде төрт балды құраса, үміткер аттестаттаудан өтті деп есептеледі.
Тестілеу және/немесе емтихан сұрақтарына жауаптардың нәтижелері бойынша Комиссия аттестаттау туралы не аттестаттамау туралы дәлелді шешім шығарады. Аттестаттау нәтижелері үміткер аттестаттаудан өткен күні ол аяқталғаннан кейін жария етіледі. Комиссияның шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Комиссияның аттестаттаудан өту туралы шешімі ол шығарылған кезден бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.
Аттестаттаудан өтпеген үміткер кемінде бір жылдан кейін қайта аттестаттауға жіберіледі.
Комиссия отырысында хаттама жүргізіледі, онда отырысты өткізу күні, уақыты мен орны, аттестатталушының тегі, аты, әкесінің аты, тестілеу нәтижесі, емтихан билетінің нөмірі мен мазмұны, аттестатталушының жауаптары, комиссия мүшелері қойған баллдар және билет мәселелері бойынша жалпы орташа балл, сондай-ақ Комиссияның шешімі көрсетіледі.
Хаттамаға аттестаттауды өткізуге қатысқан Комиссияның барлық мүшелері қол қояды.
Аттестаттауға дәлелді себеппен келмеген үміткер (денсаулық жағдайы бойынша, іссапарда болу себебінен, еңсерілмейтін күштің салдарынан қатысудың мүмкін еместігі) комиссияның келесі отырысына шақырылады.
Үміткер қайтадан келмеген жағдайда, оның өтініші қаралмайды және ұсынылған құжаттармен бірге аумақтық әділет органдарына қайтарылады.