Адам болып дүниеге келген соң, өзімізге қажетті азықты, материалдық байлықты жинаумен қатар, рухани кемелденуіміз де парыз. Себебі, қазір байлығың мен білегіңе сеніп отыратын емес, біліміңе сенетін, білімді, сауатты болуды талап ететін уақыт. Абай атамыз «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан да, дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты, бәсекеге қабілетті заман талабына сай талпынып, еңбектенуіміз қажет.
Міне, біз де жоғары білім алып, ой-өрісімізді дамытып, өзіміз қалаған мамандықтың иесі атанып, сүйікті оқу орнымыздан түлеп ұшқалы тұрмыз.
Мен, Жолтай Айболған, «Bolashaq» Академиясының «Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасы» бойынша оқып, терең білімді меңгеріп, көптеген тәжірибе жинақтап, рухани тәрбиемен сусындап, қорытынды дипломдық жұмысымды кафедраның аға оқытушысы, доцент Р.Х.Абдрахмановтың жетекшілік етуімен сәтті қорғап шықтым. Дипломдық жұмысымның тақырыбы: «Қазақ тіліндегі мағынасы күңгірт фразеологизмдер». Жазған дипломдық жұмысымды қорғау барысында мен зерттеу жұмысының өзектілігін айқындап, тақырыпты барынша ашуға, комиссия мүшелерінің қойған сұрақтарына тиянақты, әрі тұшымды жауап беруге тырыстым және алған білімімді көрсете білдім.
Осы уақытқа дейін телегей-теңіз білім иелерінен тәлім алдық. Енді, қанатымыз қатайып, қоржынымыз баға жетпес біліммен толығып болашаққа қанат қаққалы тұрмыз.
«Bolashaq» Академиясынан алған 4 жылдық білімім мыңжылдық азығыма айналады деген сенімдемін. Бар жақсыны бойымызға сіңіріп, мол біліммен сусындата білген «Bolashaq» Академиясының барша ұстаздар қауымына, соның ішінде «Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының» ұжымына, кафедра меңгерушісіне, кураторымызға ерекше алғысымды білдіремін!
«Bolashaq» академиясының
К-19-1 топ студенті
Жолтай Айболған