2021 жылдың 3-желтоқсанында Психология, педагогика және бастауышта оқыту әдістемесі кафедрасының эдвайзерлері Мекадилова Самал Кемелбаевна мен Байбекова Венера Алимкуловна Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтарда «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында айтылған тапсырмаларды орындау бойынша бекітілген «Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш ету» іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында 1-4 курс студенттерімен «Алаш қайраткерлері және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында ашық кураторлық сағат өткізді.
Іс-шараның мақсаты: студенттерге қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлігі, күресі және ғасырлар бойы басынан өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы қиын жылдары елінің азаттығын, еркіндікті аңсаған ұлт зиялылары Алаш қайраткерлерінің өз халқы үшін еткен жанкешті ерен еңбектеріне тоқталу.
Кураторлық сағат барысында қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында құрбан болып кеткен Алаш азаматтарының рухына тағзым ете отырып, 1 минут үнсіздік жарияланды.
Одан әрі «Алаш партиясы және Алаш қозғалысы» бейнеролик көрсетіліп, «Алаш туы астында» бөлімінде Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы айтылып, «Ұлт мүддесі жолында» көрініс көрсетілді. Жас ұрпақты қаншама құрбандықпен, қиындықпен қол жеткен тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білуге тәрбиелеу мақсатында «Тұлғаны таны» шығармашылық тапсырмалар орындады.
Біз бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, елімізді алғаш ұлттық санаға көтерген Алаш арыстарын ардақтауымыз керек. Алаш ұрпақтары, киелі Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, қадірлей білуіміз керек.