Біз, «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының К,КР-19-1 тобының студенттері осыдан 4 жыл бұрын Қарағанды қаласының төрінде орналасқан «Bolashaq» академиясының табалдырығын аттап, осында қызығы да, қиындығы да болған студенттік өмірді өткіздік. Осы білім ордасында терең білім алып, тылсым дүниені таныдық, бойжеттік, өзіміз қалаған мамандық бойынша сусындап, алға ұмтылдық. Осы жолда біздің қасымызда әр кез ұлағатты ұстаздарымыз болды. Олар бізді білім тұңғиығынан нәр алдырып, қажырлылыққа, ізгілік пен адамгершілікке баулыды, табандылықпен еңбек етіп, алдымызға биік мақсаттар қоюды үйретті.
«Bolashaq» Академиясының ректоры Рысмагамбетова Гульнара Мусиевнаға және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының барлық оқытушыларына, әсіресе кафедра меңгерушісі Сембиев Құрманғазы Зәкірұлына және эдвайзеріміз Абылбаева Баян Алтынбековнаға ерекше алғысымызды білдіреміз.
Сіздер қажырлы еңбек етіп, жас ұрпаққа тәлімді тәрбие, сапалы білім беруде өз мамандықтарыңыздың мәртебесін көтере білген ұлағатты ұстазсыздар. Сіздер бойларыңыздағы парасаттылық пен тектілікті шәкірттерге дарытып, ұстаздықты басқа да жақсы қасиеттермен ұштастыра білген маман, білікті басшы екендіктеріңізді дәлелдей білдіңіздер.
Болашақ мамандарды даярлауда нақты бағыт-бағдар беріп, шығармашылық, ізденімпаздық қасиеттерін дарытып, кәсіби мәдениеттерін жетілдіру бағытында академия ұжымымен бірлесе атқарған еңбектеріңіз үшін сіздерге АЛҒЫСЫМЫЗ шексіз!
«Ұстаз, сенің алдыңда бас июге рұқсат ет!» – деген көпке танымал өлең жолдарында осы бір жанкешті абзал жандарға деген ұланғайыр алғыс көрініс табатыны сөзсіз!