«Bolashaq» Академиясында 25 қазан – Республика күніне орай мерекелік салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Маңызды мемлекеттік мерекеге арналған жиын ел тәуелсіздігінің құндылықтарын дәріптеуге, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және отандық білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін бағалауға арналды.


Салтанатты іс-шара барысында Академияның қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, қоғамдық бастамалардың жүзеге асуына және өңірдің дамуына үлес қосып жүрген оқытушы-қызметкерлеріне Қарағанды облысы мен қала әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар Академия ректорының атынан да бірқатар оқытушы-қызметкерлерге алғыс хаттар беріліп, олардың кәсіби қызметіне, белсенді азаматтық ұстанымына және Академия өміріне қосқан үлесіне құрмет көрсетілді.


Марапаттау рәсімі ұжым мүшелерінің еңбегін бағалаудың, олардың қоғамдық белсенділігін ынталандырудың және ортақ мақсат жолындағы жауапкершілігін арттырудың маңызды көрінісі болды. Академия ұжымы білім беру саласындағы міндеттерді жүзеге асырумен қатар, қоғамдық өмірге белсене қатысып, ел дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға ерекше мән береді.


Мерекелік жиынның көркемдік бағдарламасы да мазмұнды әрі әсерлі өтті. Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қазақтың ұлттық биі орындалды, сондай-ақ Отанға, туған жерге және ел тәуелсіздігіне арналған өлеңдер оқылды. Өнер көрсетілімдері мерекенің мазмұнын байытып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады. Ұлттық өнер мен поэзия арқылы халқымыздың мәдени мұрасы, рухани құндылықтары және елге деген сүйіспеншілік сезімі дәріптелді.
Республика күні – мемлекеттілігіміздің негізін айқындайтын, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын маңызды мереке. Бұл күн әрбір азаматқа туған елінің өркендеуіне үлес қосу, ұлттық құндылықтарды сақтау және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну қажеттігін еске салады.


«Bolashaq» Академиясы барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтайды! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Қазақстанның өркендеуі жолындағы еңбегіміз жемісті болып, бірлігіміз бен ынтымағымыз арта берсін!