

2026 жылғы 27 сәуірде Академияның бас ғимаратының конференц-залында Ғылыми-техникалық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа ҒТК мүшелерімен қатар ғылыми-зерттеу жұмысына (ҒЗЖ), студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысына (СҒЗЖ) және магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмысына (МҒЗЖ) жауапты қызметкерлер қатысты.
Отырыс барысында Академияның ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және білім алушылардың ғылыми бастамаларын қолдау мәселелері қарастырылды.
Академияның халықаралық ғылыми журналының қызметі туралы баяндамамен Ғылым және халықаралық ынтымақтастық басқармасының жетекшісі сөз сөйледі. Талқылау барысында жарияланымдардың сапасын арттыру, журнал авторларының құрамын кеңейту және оның халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін нығайту мәселелері қаралды.
Отырыста студенттік ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ахметова Б.Т. студенттердің ғылыми идеялары мен стартап-жобалары туралы ақпарат беріп, білім алушыларды ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметке тартуды күшейту, сондай-ақ олардың ғылыми байқаулар мен гранттық бағдарламаларға қатысуын кеңейту қажеттігін атап өтті.
Ғылыми-техникалық кеңестің төрағасы халықаралық ғылыми ынтымақтастық және желілік жобаларды іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады. Талқылау барысында шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары айқындалып, академиялық ұтқырлық пен бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту міндеттері белгіленді.
Академияның Ғылым апталығының қорытындылары туралы Тұрғанбай М.Д. баяндама жасады. Қатысушылар іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, профессор-оқытушылар құрамының, жас ғалымдар мен білім алушылардың белсенді қатысқанын, сондай-ақ өткізілген іс-шаралардың ғылым мен зерттеу қызметін насихаттаудағы маңыздылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Академияның ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуға, жарияланымдық белсенділікті арттыруға, студенттік бастамаларды қолдауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған шешімдер қабылданды.

