Облысымыздағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда үстіміздегі жылдың 24-қарашасында халқымыздың ұлы перзенті, тарихи тұлға, әйгілі қайраткер, көшбасшы Жанқұтты би Ботантайұлының туғанына 220 жыл толуына арналған салтанатты ғылыми-танымдық жиналыс өте жоғары деңгейде өтті.
Танымал азаматтар, ардагерлер, жас буын өкілдері қатысқан жиында аудан басшысы кіріспе сөз сөйледі, бұдан соң отырыс тізгінін белгілі ғалым, ауданның құрметті азаматы, ғылым докторы, Қазақстан ПҒА құрметті академигі Мәуен Хамзин алып, мазмұнды баяндама жасады.
Белгілі ғалымдар С.Негимов (Астана), М.Әбдуов (Қарағанды), М.Жақин (Қарағанды), Қ.Қиықбай (Семей) тағылымды баяндамаларын оқыды. Ауданға белгілі ардагерлер өз ойларын ортаға салып, осынау игілікті іске бастамашы болған, өлшеусіз үлес қосқан М.Хамзаұлына, нақты дерек, терең мәліметтер келтірген баяндамашы ғалымдарға зор алғыстарын білдірді. Ұлы тұлғаның адамзат ақыл-ойына қосқан ойлы толғамдары, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін айтылған пікірлер, дәстүр жалғастығының алтын көпірі болу үшін атқарылатын істер, т.б. жиын қабылдаған ұсыныстарда жан-жақты көрсетілді.