26 ақпан күні «Bolashaq» Академиясының 6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ студенттеріне «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагог-зерттеуші, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Смағұлов Қымбат Ғабдоллаұлы «Педагогикалық бағыттағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану» тақырыбында дәріс оқыды.
Бүгінгі білім беру саласындағы жаңалықтар және осы бағытта атқарылып жатқан нақты шаралар, сондай-ақ оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері жөніндегі дәріс тақырыптық жағынан кең ауқымда өтті. Әдістеме әлемінің қыр-сырын барынша жан-жақты баяндаған Қымбат Ғабдоллаұлы студенттерді бірден-ақ баурап алды. Жаңаша әдістер арқылы теориялық біліммен қатар тағылымды өнеге сіңірудің қыр-сырын жеке тәжірибесі негізінде еркін баян форматында түсіндірді. Мектепте жыл сайын педагогикалық тәжірибеден өтетін студенттер, оларды білім беру ісіндегі шеберлікке баулу үшін арнайы жүргізілетін жұмыс сипаты, алғашқы сабақ процесіндегі жетістіктері мен олқылықтары да қамтылды.
Студенттер дәріскерге педагогикалық тәжірибе кезінде практикант үшін ненің қиын және ненің жеңіл болатыны, қазіргі инновациялық технологиялардың мәні мен мақсаты, әдістеме тетіктерін сапалы әрі тиімді меңгеру жолдары жөнінде көп сұрақ қойды және, ең бастысы, толыққанды жауап алды, педагог маманға тән жауапкершілік жүгінің маңызына қанықты.
«Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаты – аталған бағдарлама студенттерінің тәжірибеден өтетін негізгі мекемелерінің бірі. Екіжақты шарт және соның негізінде жасалған бағдарлама аясында әдістемелік, теориялық, қоғамдық шараларды бірлесе ұйымдастырып отыру дәстүрге айналған. Мектеп-интернат оқушылары мен мұғалімдеріне кафедра оқытушылары да дәріс оқып тұрады. Ондағы әдіскер мамандар студенттер тәжірибесіне жетекшілік етіп, оқытудың озық әдістерін меңгертеді, оқушылар арасында тәрбиелік шара өткізу жолдарын үйретеді.
Жалпы, орта және жоғары білім ұйымдары арасындағы осындай шаралардың пайдасы мол.