Спартакиада

Қарашаның 13 жұлдызында «Bolashaq» академиясының Жастар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастыруымен «Студенттер үйі» тұрғындарының арасында «Студенттер күніне» арналған жыл сайынғы, дәстүрлі спартакиада өтті.

Спартакиада спорттың 4 түрінен өтті. Атап айтсақ, кір тасын көтеру, қол күрес, дойбы және арқан тартыс. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Кір тасын көтеруге 14 жігіт бел буды. Алайда, Қарағанды «Bolashaq» колледжінің студенті Есенбол Махамбет 60 мәрте көтеріп, 3 орынды иеленсе, Академия студенті, Ғофуров Умирзоқ 16 кг-дық зіл батпанды 63 рет көтеріп, күміс медальді қанжығасына байлады. Былтырғы жылдың күміс жүлдегері Яхшибаев Юсуф осы жолы бәрінен оза шауып, көрсеткішті 70-ке апарып 1 орынға ие болды.

Қыздар арасында өткен дойбы ойынының қорытындысы келесідей:

1 орын – Карибаева Зарина («Bolashaq» колледжі);

2 орын – Майдина Назерке («Bolashaq» колледжі);

3 орын – Уисип Меруерт («Bolashaq» колледжі).

Ең тартысты, әрі қызықты жағдай қол күрес сайысында көрінді. 20 жұп қатысқанымен ақтық мәреге тек 3 қатысушы өтеді. Барлығынан мықты болған Фм-19-3 тобының студенті Шамсиев Сувонбой 2 орын алған Кучкоров Баходир мен 3 орынға жайғасқан Яхшибаев Юсуфты жеңіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды!

Мықтыларды анықтайтын кез арқан тартыста еді. Көршілес өзбек ағайынның спорттың кез келген түрінен әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда тұрғанын ел біледі. Сөздің дәлелі, 1 курс студенттерінен құралған «Uzbekistan» командасы «Бургут» жігіттеріне есе жіберіп, 3 орынды иеленсе, «Бургуттіктер» колледж студенттерін жеңіп, 1 орынға табан тіреді. Ал «Bolashaq» колледжінің жігіттері болса 2 орынды қанағат тұтты.

Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Мейрбек БАЙШАГИРОВ

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.