06.09.2024 ж. Фармацевтикалық пәндер кафедрасының магистрі, аға куратор Теміреева Н.Б. топ студенттерімен Отбасы күні мерекесіне арналған ашық кураторлық сағат өткізді. Шараның тақырыбы: «Отбасын жоспарлау». Ашық кураторлық сағатқа кафедра меңгерушісі Пахомова Д.К., доцент Сиволобова О.А., аға оқытушы Теміреева К.С. және студенттер қатысты.
Кафедра меңгерушісі Пахомова Д.К. сөз алды: «Репродуктивтік денсаулық – адамның ұрпақ әкелетін дене мүшелерінің және функцияларының ауру мен сырқатсыз болуы ғана емес, жалпы адамның физикалық және ой жүйесі мен әлеуметтік жағдайының да сау болуы», – деп атап өтті.
Аға оқытушы Теміреева К.С. жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығына теріс ықпал ететін факторлар ретінде жыныстық қатынастардың ерте басталуы, жыныстық жолдар арқылы берілетін жұқпалы аурулардың көбеюі, сондай-ақ темекі мен ішімдікке әуестілік қоғамымыздың ертеңгі күні дүниеге дені сау ұрпақ әкелуіне кедергі келтіретінін баса айтты.
Отбасын жоспарлау туралы кіріспе сөзді аға куратор Теміреева Н.Б. айтып өтті: «Отбасын жоспарлау – біздің өмірімізге белсене араласатын түсінік. Көптеген жылдар бойы отбасын жоспарлау бала тууды шектеу деген түсінікті білдірді. Алайда отбасын жоспарлау – армандап күткен, дені сау баланы дүниеге әкелу үшін еркек пен әйел денсаулығын сақтау. Басқаша айтқанда, отбасын жоспарлау – баланы кездейсоқ емес, жоспарлы түрде өмірге әкелу деген сөз», – деді ол.
Шара соңында студенттер арасында пікірталас өтті. Фм-20-2 тобының студенті Құрманияз Жанель болашақ фармацевт ретінде контрацептивтер туралы өз ойын жеткізді: «Ішілетін құрама контрацептивтер (ІҚК) – тиімді, қайтымды контрацепция әдісі. Әйелдер бұл препараттарды кез келген жасында қолдана алады.
Инъекциялық контрацептивтер – ұзақ мерзімді, қайтымды және қауіпсіз құрал. Презервативтер АИВ/ЖИТС қоса алғанда, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан және жүктіліктен қорғайды», – деді ол.
Кураторлық сағатты қорытындылай келе, жастардың жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар және АИВ инфекциясымен күрес туралы сауатты болуы, сондай-ақ «салауатты өмір салтын» дұрыс сақтауы қажет екендігі айтылды.