2023 жылғы 15 мамырда «Bolashaq» Академиясында сезімі сәруар ақын, алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Лирик ақын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдеріндегі символизм» атты студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға жалпы білім беру кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Фарида Фаттахқызы Саттарова жетекшілік етті.
Конференцияны ашқан Ф.Ф. Саттарова өз сөзінде: “Ақын Мағжанның ойлары мен неміс философы И.Канттын “Критика эстетической способности суждения” деген еңбегіндегі “эстетикалық талғам”, “сұлулық” қағидаларының байланысы туралы сөз қозғау жасанды болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, М. Жұмабаевтың 2011 жылы мұрағат қорларынан табылған «Табалдырық» атты қолжазбасы осы өзара байланыс жөнінде ешбір шүбә келтірмейді” деді. Өйткені, Мағжанның символизмінде ұлттық, батыстық – шығыстық және орыс менталитеттерінің символдық-модернистік құндылықтарының ақын жүрегінде қорытылып шыққан синтезі мен ешкімге ұқсамайтын даралығы бар. Осы ойды арқау етіп ғылыми жаңашылдық идея ретінде эстетикалық талғамды, сұлулықты, Мағжан дүниетанымындағы таза ақындық, символизм ұғымдарының мәдени-рухани негізі ретінде анықтады. Зерттеудің негізгі нысандары Мағжанның лирикалық өлеңдері болды. Методологиялық ұстанымдар ретінде философиялық компаративистика, мәдени-тарихи реконструкция, герменевтикалық талдау әдістері болды. Әдебиеттану терминдер сөздігінде: «Символ – ойды астарлап, дүние құбылыстарын суреттеу арқылы жасалатын нақты, мағыналы сипаты бар балама бейне» деп беріледі. Студенттер төгіліп тұрған лирик ақынның осындай астарлап жеткізген ойларына ден қойып, төл ізденістерін көпшілікке көлденең тартты.
Атап айтқанда, «Мәдениет семиотикасы» тақырыбында Л. Орынбай (Ю-22-2) сөйлесе, ақынның «Жел» өлеңін Д.Ошақбаева (ПМНО-22-2), «Бала» символы туралы Г.Әбдікәрім (ФМ-22-2), «Толқын» өлеңін М.Кеңесова (Ю-22-2) талдады. Сонымен қатар «Күннен туған, ғұннан туған Пайғамбар» А. Оразхан (К-20-1), ақынның туған жер туралы Б.Куандыкова – (Ф-22-1), қазақ арасындағы жылқы тотемі жөнінде Ә. Кожибай (Ф-22-2), ұлттық бірегейліктің символдық табиғаты бар құндылықтары – тіл мен діл А.Жұрағат (К-20-1), “Түркістан” өлеңінің символдық мағынасы Ә.Мұратхан (К-20-1), Қазақстан республикасының рәміздерінің символдық сипаты А.Құсайнова (Фм-21-2), Мағжанның жүрек сырын жеткізетін құралы- оның поэзиясы А.Алматұлы (К-22-1) философиялық-поэзиялық тұрғыдан талдап, сыршыл ақынның көркем ой қабаттарын ашуға ұмтылды.
Онлайн режимде Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай университетінің студенті Алина Смаковая қатысып, Мағжанның әйгілі «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқыды. Әдеби кеш әнсіз өткен бе, К-22-1 оқу тобының студенті Ақжол Алматұлы Мағжанның «Бәрінен де сен сұлу» әнін сырлы гитараға салып, әдемі шырқап берді.
Әдеби-философиялық іс шарада Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Қ.З.Сембиев, Жоғарыдан кейінгі білім беру бөлімінен Е.Е.Серімов, Әлеуметтік және тәрбие жөніндегі проректор Р.Н.Исмаилова, ЖББ пәндері кафедрасының доценті Утемуратова Б.К. қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Конференция соңында Альжан Дильназ (Ф-22-2), Оразхан Айкенже (К-20-1) ;Алматұлы Ақжол (К-22-1) грамоталармен, қатысқан басқа да студенттер алғысхаттармен марапатталды. Сөз соңында Ф.Саттарова өзінің Мағжан елінен екендігін айта келе, 2007 жылы Алматыда академик Әлкей Марғұланның қызы Данель, Мағжанның інісі, Қалижанның қызы Райхан апаймен таныстырғанын және “Пайғамбар” кітабын сый ретінде қабылдағанын, көптеген тарихи деректермен бөліскендігін айтты. Мағжан аруағына тағзым ретінде символдық сипаты бар, өзінің “Ақ қайыңым, сырғалым” атты өлеңін оқып берді.