АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ АЯСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК

«Bolashaq» Академиясына С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры Қасенов Сәкен Тоқанұлы келіп, студенттер мен магистранттарға әдеби мұра және оны игеру жөнінде дәріс оқып жатыр. Толығырақ тарқата баяндасақ…

Қазіргі уақытта «Bolashaq» академиясы мен отандық және алыс-жақын шетелдердегі жетекші жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы бірнеше келісімшарт бар. Аталған шартқа орай ЖОО-лар академиялық ұтқырлық аясында білім беру жетістіктері жөнінде әр оқу жылы сайын үздіксіз тәжірибе алмасу арқылы жемісті жұмыс атқарып келеді.

Қасенов Сәкен Тоқанұлының Академиямыздағы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын студенттер мен магистранттарға қазақ әдебиетіндегі өзекті тақырып туралы дәріс оқуы – осындай ымыраласқан әріптестік нәтижесі.

С.Т.Қасенов – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры. 3 мамырда басталған «Әдеби мұраны игеру проблемалары» тақырыбындағы дәріс 19 мамырға дейін жалғасатын болады.

Ғалымның дәріс барысында әдеби мұраны игеруге қатысты негізгі мәселелерді ауқымды түрде шебер баяндауы тыңдаушыларын алғашқы күннен-ақ баурап алды. Сондай-ақ ол академия басшылығымен кездесу отырысында Шығыс Қазақстан университетінің білім алушылар үлгерімін бағалауға арналған интеграциялық GPI жүйесі жайлы тәжірибесін бөлісті.

Профессор С.Т.Қасеновтің қызметтік сапары аяқталғанша, академия студенттері мен магистранттарының әдеби мұра және оның игерілуі турасында көптеген мағлұматқа қанығарына күмән жоқ.

Айта кеткен жөн, таяуда ғана академиямызға түрколог, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қарақалпақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым қайраткері Абдиназимов Шамшетдин Нажимұлы кеп дәріс оқыған-ды.

Ынтымақтастық шартына негізделген академиялық ұтқырлық аясында жүзеге асып жатқан осындай игілікті шаралар мұнан әрі де жалғаса бермек.

Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,

қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.