2026 жылғы 30 қазанда Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Заң және тарих факультеттерінің бірлесіп ұйымдастыруымен заңгер Балапан Зипатоллаұлы Әбеновтің жарқын бейнесін еске алуға арналған «Заң үстемдігі және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков (Астана қ.), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов (Өзбекстан Республикасы, Ташкент қ., онлайн форматта) қатысты. Олардың қатысуы іс-шараның мәртебесін арттырып, талқыланған мәселелердің ғылыми және қоғамдық маңызын айқындай түсті.
Екі факультеттің басын қосқан бұл тағылымды іс-шара мазмұны мен ұйымдастырылуы жағынан ерекшеленіп, жоғары деңгейде өткізілді. Дөңгелек үстелге заң және тарих ғылымдарының өкілдері, оқытушылар мен зерттеушілер қатысып, құқықтық мемлекетті дамыту, азаматтық жауапкершілікті нығайту және ұлттық құқықтық мұраны сақтау мәселелерін талқылады.
Іс-шараға Академия атынан Қабжанов Ақылбек Тайболатұлы қатысып, «Қазіргі құқықтық жүйедегі қазақтың әдет-ғұрып құқығы: сабақтастық, шектер және перспективалар» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада қазақтың дәстүрлі құқықтық институттарының тарихи сабақтастығы, оларды қазіргі құқықтық жүйеде қолданудың мүмкіндіктері мен шектері, сондай-ақ ұлттық құқықтық мұраны одан әрі зерттеудің перспективалары қарастырылды.
Қабжанов А.Т.-ның баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, мазмұнды пікірталасқа ұласты. Талқылау барысында қазақтың әдет-ғұрып құқығының қазіргі заңнамадағы орны мен маңызына қатысты түрлі ғылыми көзқарастар айтылып, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасу өтті.
Республикалық дөңгелек үстел кәсіби тәжірибе алмасуға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және қазақтың дәстүрлі құқықтық мұрасын жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді.
Осындай мазмұнды әрі тағылымды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Заң және тарих факультеттерінің ұжымдарына шынайы алғыс білдіреміз!