«BOLASHAQ» академиясының 6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті», 6В01703 – «Қазақ және орыс тілінде білім беретін мекемелердегі қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламаларының К-23-1, КР-23-1, К-22-1, К-21-1, КР-21-1 топтарының студенттері мен топ кураторлары Н.К. Касетова мен Қ.Қ.Жанузахованың жетекшілігімен Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімін насихаттау мақсатында кураторлық сағаты өтті.
Толық адам концепциясында ақынның көзқарасындағы адам маселесі қарастырылды. Расында, Абай мұрасы өміршең, жылдан жылға өзінің құндылығын арттыра түсуде. Абай атаған талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп нақтылай түседі.
«Ыстық қайрат» үнемі ізденіс үстінде, тек алға ұмтылу, жасампаз болу ұғымын аңғартса керек. «Нұрлы ақыл» – елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, Алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал, «жылы жүрек» деген ұғым иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу, айналаға шуақ шашу дегенді білдірсе керек. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толық адам деген мәртебеге ие боламыз.
Іс-шара барысында студенттер өз көзқарастарын білдіріп, ой-пікірлерін ортаға салды.