«САРЫАРҚА ТАРИХЫ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АРҚАУЫ»

2019 жылдың 11-желтоқсанында “Bolashaq” академиясы тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаевпен «САРЫАРҚА ТАРИХЫ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АРҚАУЫ» тақырыбы аясындағы ғылыми-көпшілік дәріс, сұхбат, кездесу өтті.

Шара аясында кітап көрмесі, сатылымы, автормен сұхбат ұйымдастырылды. Ашық дәріске жоғарғы, орта арнаулы ОО-ның оқытушылары, тарихшы-мамандар, білім алушы жастар, ішкі саясат, мәдениет саласының қызметкерлері және басқа да тарих сүйер қауым шақырылды. БАҚ өкілдері, театр жұртшылығы, ғалымның шәкірттері қатысты. «Бұл өзі көптен бер орайын келтіре алмай жүрген шаруа еді» дейді ұйымдастырушылар.

Кездесу барысында Академия ректоры Құралбай Несіпбекұлы Жамбыл Омарұлына “Bolashaq” академиясының құрметті профессоры атағын берді.

Шара соңында құрметті қонақ академия кітапханасына құнды тарихи деректер енген кітаптарды сыйға тартты. Оқу ордамыздың ректоры сыйға берілген кітаптар барлық студенттер үшін қолжетімді болатынын атап айтты.

Жамбыл Артықбаев «Bolashaq» институтында(алғашқы кезеңдерде институт болды) Қазақстан тарихы пәнінен алғашқы лекциялар курсын оқып, бірнеше маңызды жобалардың жүзеге асуына атсалысқан. 1997 жылы «Bolashaq» баспасынан алғашқы оқу құралдары осы ғалымның дәрістері негізінде жарыққа шықты. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Омбыға экспедиция жасақталып, оның жауапкершілігін «Bolashaq» институты өз мойнына алған еді. Аталмыш экспедиция біздің академияның сол кезеңдегі абыройын арттырған еді. Омбыға аттанған сол көштің білгір басшысы Жамбыл Артықбаев болып тағайындалды. Қазақстан тарихының зерттеліп, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде зор еңбек сіңірген қайраткердің еңбектері сол уақыттағы Білім және ғылым министірлігінің бекітуімен жоғарғы ЖОО-дағы оқулықтарға енді.

Оның еңбектері хақында:

Ол 300-ден астам басылымның, оның ішінде 6 монография, 11 оқулық пен оқу құралдарының авторы. “Тарих” және “Этнография, этнология және антропология”мамандықтары бойынша тарих ғылымдарының ондаған кандидаттарын дайындады. Жамбыл Омарұлы көптеген тарихи тұлғалардың тағдырын зерттеумен айналысады. Профессордың ғылыми еңбектері бірегей және көп жылдық зерттеу қызметінде құрылған. Олардың ішінде: “Қазақстан тарихы бойынша 12 дәріс” атты кең аудиторияға танымал, автордың ғылыми монографияларында сыналған, апробацияланған материалдар кірді.

Ұлы дала билеушісіне айналған Абылай ханға арналған “Абылайхан” ғылыми – көпшілік басылымы; “Қазақ қоғамы: бастау және тарих” төрт томдық кітабы – ежелгі уақыттан бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңді қозғайтын тарихи шығарма. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бірнеше тарихи дәуірлерді қамтитын осындай ауқымды еңбек болған жоқ.

“Ғасырлар мен мыңжылдықтар калейдоскопындағы Еуразияның көшпенділері” деп аталған бірінші томда ежелгі, ерте жылқы шаруашылығы, қазір Ботай мәдениеті ретінде танымал.

“XV-XVII ғасырлардағы қазақ қоғамы: империядан ұлттық мемлекетке ” атты екінші томында Алтын Орданың ыдырау кезеңі және Қазақ хандығының құрылуы туралы баяндалады. Бұл томға арналған тарихи материалдарды профессор Ақмола облысының аумағында да, атап айтқанда, XIII ғасырда Шейбана ұлысына кірген Ерейментау ауданында да жинады.

Жамбыл Омарұлы: «Болашақта тарих ғылымын дамытатын ұрпақты тәрбиелеу үшін мектеп қабырғасындағы тарих пәнін ер ұстаздар оқыту керек. Себебі, ер адам жүрген жерде баланың бойында мінез қалыптасады. Ал мінезі қалыптаспаған адамнан ғалым шықпайды. Ғылымға мінез керек» деп айтты.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.