«ОЙ-LAB» ДЕБАТ КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИРГЕ ҚАТЫСТЫ!

2026 жылғы 24 қазан күні Республика күніне орай Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің базасында Қарағанды облысының жоғары оқу орындары студенттерінің басын қосқан облыстық дебат турнирі өтті.

Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған аталмыш зияткерлік дода жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, сыни ойлау мәдениетін қалыптастыруға, шешендік өнерін шыңдауға және өзекті мәселелер төңірегінде еркін пікір алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Аталған турнирге «Bolashaq» академиясы атынан «Ой-Lab» дебат клубының мүшелері — Шет тілдер және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының 1-курс студенті Булгунаева Аружан Нуржановна және Педагогика кафедрасының 1-курс студенті Сабир Нұрасыл қатысып, білім ордамыздың намысын қорғады.

Пікір мен парасат тоғысқан зияткерлік сайыс барысында студенттеріміз өздерінің ой ұшқырлығын, сөз саптау шеберлігін және қоғамдық мәселелерге деген азаматтық көзқарасын танытуға ұмтылды. Түрлі тақырыптар аясында өрбіген пікірталастар жас қатысушыларға өз ұстанымдарын дәлелді жеткізуге, қарсы тараптың тұжырымдарын саралауға, сондай-ақ күрделі мәселелерге жан-жақты талдау жасауға мүмкіндік берді.

Дебат — тек сөз жарысы ғана емес, ол терең білім мен жүйелі ойлауды, ұтымды пайым мен жоғары жауапкершілікті талап ететін зияткерлік өнер. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай деңгейдегі турнирлерге қатысу студенттердің жеке тұлғалық қалыптасуына, көшбасшылық қабілеттерінің дамуына және көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларының жетілуіне айрықша ықпал етеді.

Студенттеріміз облыстың өзге жоғары оқу орындарынан келген пікірсайысшылармен тәжірибе алмасып, дебат мәдениетінің жаңа қырларын меңгеруге және алдағы зияткерлік сайыстарға қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды.

«Ой-Lab» дебат клубының мүшелеріне белсенділіктері мен ізденістері үшін алғыс білдіре отырып, алдағы зияткерлік додаларда толағай табыстар, шығармашылық шабыт пен биік жетістіктер тілейміз!

Өйткені бүгінгі батыл пікір — ертеңгі кемел ойдың, ал бүгінгі ізденіс — болашақ үлкен жеңістердің бастауы!

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.