Академия кітапханасында кітаптың қоғамдағы маңызын дәріптеу, рухани құндылықтарды насихаттау және оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Кітап – ортақ қазына» атты кітап сыйлау акциясы ұйымдастырылды. Бұл игі бастама кітаптың адам өміріндегі ерекше орнын айқындап қана қоймай, білім мен парасатқа деген құрметті арттыруға бағытталды. Кітап – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани мұра, адамзаттың ақыл-ой қазынасы екені белгілі. Осы тұрғыда өткізілген шара академия ұжымының ортақ мәдени құндылықтарға деген жанашырлығын көрсетті.


Аталған акцияға академияның барлық құрылымдық бөлімшелері, кафедралары және ректорат қызметкерлері белсенді қатысып, кітапхана қорын толықтыруға өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында әртүрлі ғылым салаларын, көркем әдебиетті, танымдық және тарихи еңбектерді қамтитын 212 кітап кітапхана қорына табысталды. Олардың қатарында сирек кездесетін құнды басылымдар, ғылыми еңбектер мен жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтетін мазмұнды шығармалар бар.


Бұл шара тек кітапхана қорын байытып қана қоймай, академиялық ортада кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға, білімге құштарлықты нығайтуға және рухани сабақтастықты дамытуға үлкен ықпал етті. Осындай мазмұнды бастамалар арқылы кітаптың мәртебесі артып, оқу мәдениеті жаңа деңгейге көтерілетіні сөзсіз. «Кітап – ортақ қазына» акциясы академия қабырғасындағы білім мен руханияттың үндестігін айқындайтын тағылымды іс-шаралардың бірі болды.